Күн тәртібінде – тәтті түбір өнімін ұлғайту

Жуырда аудан әкімшілігінің мәжіліс залында Алматы облысында суармалы жағдайда аса бағалы техникалық дақыл саналатын қант қызылшасын өсірудің агротехнологиясы бойынша ауданаралық семинар-кеңес өткізілді.

Сарқан және Алакөл аудандарының ауыл шаруашылық бө-лімдерінің мамандары,  қант қызылшасын себетін шаруа құры-лымдарының басшылары, сервистік дайындау орталығының жетекшілері, Ақсу қант зауытының өкілдерінің қатысуымен өткен бас-қосуды аудан әкімінің орынбасары Арман Мұханов жүргізіп, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Коюмчан Омаров  жаңа 2019 жылға қант қызылшасын себу жоспары және Ақсу қант зауытының қуаттылығын көтеру туралы жан-жақты айтып өтті. Ол өз сөзіне субсидия төлеу, қант қызылшасы егістігінің көлемін ұлғайту жолдарын арқау етті. Коюмчан Аванұлына  шаруа қожалығының жетекшісі Балтабек Әбілқасымов, Алмалы және Бақалы ауылдық округтерінің әкімдері Асқар Тұрғанбеков, Арын Күрішбаев қызылша өсірушілерді алаңдатып отырған бірқатар мәселелер туралы сауалдар қойып, толыққанды жауап алды.

Ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, агротехнология эксперті Абулхайыр Бексұлтанов осы саланың білгірі ретінде қант қызылшасын өсіру туралы агротехнологиялық нұсқаулар, сервистік дайындау орталықтарын ашу, өсімдік белсендіргіштермен, пестицидтермен және тұқымдармен қамтамасыз ету бойынша «НК СПК «Жетісу» акционерлік қоғамының бағдарламасы, шетелдік және жергілікті агротехнологиялардың элементтері, қант қызылшасының тамыр шірігі ауруы туралы және фитосанитарлық іс-шаралардың қолданылуы, топырақтың агрохимиялық талдаулары бойынша қант қызылшасын белсендіргіштермен тыңайту, егістіктерді кешенді қорғау, өсіру технологиялары жобаларының агрожолдамалары туралы мәселелерге тоқталып, шет елдердегі және республикамыздағы  табысты шаруашылықтардың тыныс-тірлігінен бейнероликтер көрсетті.

Сондай-ақ Жетісу әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы  басқарма төрағасының кеңесшісі Дәурен Әлжанов, Каз НИИ директорының орынбасары  Чымболат Рысалиев, Алматы облыстық аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Болат Жылқыбаев, ғылым докторы, профессор Жанарбек Оразбаевтың семинарға қатысушыларға берер кеңесі аз болған жоқ.

Ж. МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: