Көпшілік пікірі ортаға салынды

Сарқан ауданы орталығындағы Мәдениет сарайында аудан әкімі  Марат  Разбеков  тұрғындар алдында қорытынды  есебін  берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев арнайы қатысып, атқарылған жұмыстармен танысты.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы Сарқандағы аудандық аурухананың құрылысымен, оның ішкі әрлеу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тағы бірқатар нысандарға,  атап айтқанда Сарқан политехникалық колледжі, №10 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеті және Сарқан қаласының, облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатына ат басын бұрып, аталмыш мекемелердің  бүгінгі тыныс-тіршілігін көзбен көрді.

Есепті кездесуде аудан әкімі Марат Мелісұлы өткен жыл қорытындысын көпшілік назарына ұсынып, алдағы міндеттерді саралады. 2018 жылы ауданда 3 млрд. 869 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,9 пайызға  өсті. Сарқан негізінен алғанда  ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге қолайлы болғандықтан, аудан халқының басым бөлігі осы салада жұмыс істейді. 2018 жыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі ағымдағы бағамен 33 млрд. 514 млн. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда  1 млрд. 945 млн. теңгеге артты. Мал шаруашылығы 16 млрд. 980 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша өнім көлемі 16 млрд. 484 млн. теңгені құрады. Өткен жылы 96 мың гектар жер игерілді. Оның ішінде 50 400 гектар дәнді дақылдар, 34 270 гектар майлы дақылдар, 2 000 гектар қант қызылшасы, 960 гектар картоп, 660 гектар көкөніс өнімдері, көп жылдық шөп 6940 гектар, дәрілік шөптер 640 гектар себіліп, нәтижелі өнім алынды.

Аудан әкімі есебінде ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалардың игілігін  көріп отырғандығын нақты дәлелдермен жиналғандарға жеткізді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша жалпы 166 млн. теңгеге несие алынып, нәтижесінде  203 бас ірі қара мал, 248 бас ұсақ мал, 7 бас жылқы малы сатып алынды. Аудандағы ірі қара мал  – 50 960 басқа, қой-ешкі – 127 550 басқа, жылқы – 15 760 басқа,  түйе – 350 басқа жетіп, мал мен құс етін өндіру  өткен жылдағыдан ұлғайды. Сонымен қатар, әр түрлі ауыл шаруашылық техникалары сатып алынып, ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудің пайдалылығын түсіне отырып,  4 сүт дайындау бағытында,  13 аралас мал және егін шаруашылығы бойынша барлығы 22 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылып, жұмыс жасауда.

Бұдан әрі Марат Мелісұлы   ауыл шаруашылығы өнімдерін  субсидиялауға бөлінген қаражатты атап өтіп,  пайдаланбай және игерілмей жатқан жерлердің анықталу үстінде екендігін, суармалы алқаптарды  пайдалану тиімділігінің арттырылғанын баяндамасына арқау етті.  Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік,  салықтар және бюджет, жол күйі,  жолаушыларды тасымалдауға тоқталған ол тұрғындар сұранысы бойынша  Сарқан қаласында 2 автобус маршруты ашылып, қолжетімді бағамен жүйелі жұмыс атқарып жүргенін көпшілікке жеткізді. Сондай-ақ сумен қамту, құрылыс, туризм, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру мен жұмыссыздықтың алдын алу, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және дене шынықтыру, мәдениет, жастар  саясаты, ішкі саясат салаларындағы өркенді өзгерістерді  көпшілік назарына ұсынды.   «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Сарқан ауданында  құны 114 млн. теңге көлемінде 18 жоба іске асырылды. Атап айтқанда жұртшылық бастамасымен қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Арынның және генерал-майор, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Әбдіқадыр Болсамбековтың ескерткіштері туған жерлерінде бой көтеріп,  салтанатты түрде ашылды. Сарқаннан түлеп ұшқан табысты азаматтар 5 спорт алаңдарын, оның ішінде 4 «Стрит воркаут» алаңын сыйға тартып, жастарға үлкен қуаныш сыйлады.

Есепті баяндамада қылмыс деңгейі сараланып, қылмыстың алдын алу жолындағы жұмыстар, атап айтқанда өткен жылы Алмалы, Екіаша, Қарашыған, Бақалы, Қойлық, Черкасск ауылдық округтерінде тұрғын үймен біріктірілген тірек пунктері пайдалануға берілгендігі қамтылды да баяндамашы сөзінің соңында биылғы жылы атқарылатын шараларға  қысқаша тоқталды. 

Баяндаманы талқылауға  қатысқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл  Жанасбеков облыс әкімі орынбасарынан Қарабөгет ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу мәселесінің шешімін табуын сұрады.  «Еркін» сервистік дайындау орталығының басшысы Дәуренбек  Әуелбеков,  Сарқан қаласының тұрғыны Наталья Коровченко,  Сарқан гуманитарлық колледжінің студенті Айзада Смағұл көпшілік мүддесіне қатысты  ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар залдан түскен сауалдарға «Балқаш» демалыс аймағының инфрақұрылымын жетілдіру, Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Еркін елді мекеніндегі ауыз су мәселесі, аудан орталығындағы футбол алаңының сын көтермейтіндігі арқау болды.

Жарыссөзге шыққан шешендердің ұсыныстарына және залдан түскен сұрақтарға толыққанды жауап берген Марат Мелісұлы жұртшылықтың есепті кездесуге белсене қатысқандығына ризашылығын білдірді. 

Жиынға арнайы қатысқан аймақ басшысының орынбасары Ақан Әбдуалиев жиналғандарды облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. Жастар жылына орай жастарға жатақхана салу ісінің кезек күтіп тұрғандығын өз сөзіне арқау еткен Ақан Жылқышыбайұлы есепті кездесуде көтерілген мәселелердің бақылауға алынатындығын, аудан әкімінің алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарының өмірмен өзектілігін атап өтті. 

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: