Күрделі ота жасалды

“Азаматқа халықтың ризашылығына бөленгеннен артық бақыт жоқ”,-депті қазақ халқының асыл перзенттерінің бірі профессор Мұхтар Арын өзінің ой-толғауларында. Осы бір қанатты сөзді Мұхтар Ғалиұлының перзенті, медицина ғылымының докторы, атақты хирург, профессор Нұрлан Арын өзінің өмірлік басты ұстанымы етіп алғаны анық.

-Нұрлан Мұхтарұлының туған жермен тамырласқан азаматтық парызын ұмытпай, дерт құрсауында қалған жерлестеріне көмек қолын созып, ажалдан арашалап, алғыс алып жүргеніне бұдан бұрын да куә болған едік,-дейді Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков. -Міне, тағы да сенбі-жексенбі күндерін пайдаланып, Алматыдан арнайы келген алтын қолды дәрігерді бүйрек, бауыр, ішек және тағы да басқа асқынып кеткен дерті бар 10 науқас, яғни 10 күрделі ота, жарық дүниеге іңкәр 10 үміт күтіп отыр.

Диагноздары түрлі болғанымен, арман-мақсаттары бір Ұлжан Тоқмұрзина, Айжан Бейсебаева, Еңлік Абдулдаева, Гүлназ Ахметжанова, Сатбала Жұмабекова, Күләш Иманғалиева, Дариға Ақбаева, Сәулехан Абдуғалиева, Елена Четвертанова, Сейітбек Ержанов ақпанның үші мен төрті аралығында ота үстеліне жатты. Осы екі күн ішінде ұйқы-күлкіні ұмытқан даңқты дәрігер жоспарланған 10 күрделі отаны жасаумен қатар келесі кезекте тұрған 4 науқастың да дертін сылып алды.
-Бұл пациенттердің денсаулығы, әрине, біздің жүйелі бақылауымызда,-дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаев. -Біздің жас хирургтер де Нұрлан Мұхтарұлының шеберлік дәрісінен тәлім алып, күрделі ота жасаудың қыр-сырын меңгеріп келеді.
Жыл сайын туған жері Сарқан ауданына келіп, жерлестеріне медициналық қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырған Нұрлан Арынға өткен жылдың соңында “Сарқан ауданының Құрметті азаматы” атағы берілді. Қайырымдылық акциясының ұйымдастырушысы ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде мыңға тарта әртүрлі ота жасап, емделушілеріне жарық дүние сыйлаған ғалым- дәрігер өзінің бұл қадамын туған елінің алдындағы перзенттік парызым деп санайды.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: