Көз алдымызда көркейіп келеді

Сарқандық тұрғындардың қай-қайсысы да көз алдарында көркейіп бара жатқан туған қаласын мақтан тұтады. Көпқабатты үйлердің алдында балалардың еркін ойнап, асыр салатын алаңдары бар. Көпшілік қолы бос уақытта орталық саябаққа немесе сарқандық арбат атанған түнгі шамдары айналасына көрік беретін жаяу жүргіншілер серуенжайына асығады. Таза ауа, тақтайдай таза жол, абаттанған алаң көңілдерін көкке көтеріп, жайлы, кейде тіпті тербелмелі орындықтарға жайғасып тіршіліктің күйбеңінен тыс емен-жарқын әңгімеге кіріседі. Сөз арасында “Ауданымызға өз перзентіміз Талғат Қанатұлы әкім болып келгелі тыным таппай іргелі істерге көшбасшы болып жүр-ау” десіп бір-бірінің шынайы пікірін мақұлдасады.

Талғат Қайнарбековтың Сарқан ауданына әкім болып тағайындалғанына жылдан асып барады. Осы ауданның тумасы болса да қызмет жолдары облыс орталығында, облыс аумағындағы қалаларда өтті. Қай жерде қызмет атқарса да соңында ізгі ізі қалды. Туған ауданындағы қызметі пандемияға тұспа-тұс келсе де жағдайға байланысты қол қусырып отыруды өзінің мазасыз бітім-болмысына жат санады. Мал мен егін шаруашылығы салалары іркіліссіз ілгерледі. Ауданға инвестиция тартты. Құрылыс жұмыстары бір сәт те толас тапқан жоқ. Ел елегінен өткен азамат осылай қайтсем елімнің еңсесін көтеремін деумен жарқын жобаларды іс жүзіне асыруда.

–      Сарқанның жолы бітпейтін жырға айналғанын жақсы білеміз, – дейді Талғат Қанатұлы. –Қалаішілік жолдарға енді жаңаша көзқарас керек. Бұрынғыдай жылда жамай бергеннен саналы түрде бас тартып, ескі жолды сүріп тастап, жаңасын салуды мақсат тұтып келеміз. Орталықтан бастап шеткі көшелерге дейін сапалы жол салуға ойысатын кез келді.

Осылай деп әкім жол жөндеу жұмыстарының   жоба-жоспарларын жіті назардан өткізіп, өзі қадағалап отырады.

Азаматтық, қайраткерлік мансаппен өлшенбейді. Мансап жолын құдіретті деп қарау –біздің қателігіміз. Елдің бағына үлкенді-кішілі  билікті  адал перзенті иеленсе деңіз. Адал сүт емген азамат жауапкершілік жүгін талмай көтереді, ел сенімін ақтай біледі. Не тындырып, не қойғаны, қандай ізі қалғаны жұртшылықтың назарында болады. Ел- сыншы, ел айта жүрерліктей ісің болса, уақытыңның босқа өлмегені. Жарғақ құлағың жастыққа тимей жүргендегі еңбегіңнің баяны да сол. Зады, азамат тұлғасы біліммен, білікпен, адамгершілікпен, кісілікпен, керек десеңіз жауапкершілік іскерлікпен өлшенбек.  Әкім қарауындағыларды осындай биіктен көргісі келеді. Туған жерді, елді сүюді басты мақсат тұтып, әріптестеріне де сондай талап қоятыны ғанибет.

Осындайда үлкендерден қалған имантаразы әфсана еске түседі. Жалғыз адам қанша күшті болса да қаратасты да қозғай алмайды. Ал көп жұмылса тауды да төңкеруге болады. Әкім істің көзін тапса, қозғау салса қосшы әрі қолдаушы болатын азаматтар аз емес.

Қаладағы қолға алынған нысандарды аралауды аудан басшысы мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын бағамдаудан бастады. Талдықорғандық   «Golden City DS» ЖШС –інің учаске басшысы Ерболат Садықов елу шақты адам атсалысып жүрген құрылыстың жай-жапсарымен таныстырды. Құрылыстың бір  қабаты еңсеріліп, қабырғалары биікке өрлеп бара жатыр.  Бұл  үй 5 қабатты болады. Жоба бойынша жалға берілетін бұл үйде 15 үш бөлмелі, 25 екі бөлмелі және 10 бір бөлмелі пәтерлер болмақ. Демек кезекте тұрған үйге мұқтаж адамдардың баспаналы болсақ деген армандары жүзеге асар шақ алыс емес.

Талғат Қанатұлы графиктен қалыңқырап келе жатқан мердігерден істі ілгерілетуді талап етті. Күн –түн демей жұмыс істеп, сапа жағын басты назарда ұстап, жаңа үйден үмітті көпшіліктің көңілінен шығу –басты міндет.

-Көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы Сарқанда ұзақ жылдан кейінгі іркілістен соң енді ғана қолға алынды, – дейді Талғат Қанатұлы. – Тағы бір 20 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Оның аяқталуы келер жылға белгіленген. Осы аралықта сол өңірге қазандық салу жобалануда. Көше арықтарын жаңалап, жаңғырту ойымызда бар.

Сарқандағы тағы бір елеулі іс қолға алынды, ол – Қойтастағы спорттық – жастар кешенінің құрылысы. Мұндағы қазіргі заманғы қуатты техникалардың өзі көтере алмайтын алып жартастар мен қойтастардың қай заманда асау да тасқынды өзен ағысымен келгенін тап басып айтатын адам жоқ. Бізге айқыны – ұлы суретші табиғаттың сарқандықтарға ұсынған туындысы.

Сабырын сарқып, ашулы қалпынан танбай гүрілдеп ағатын Сарқан өзені, оның жағалауындағы жазиралы қыраттар, ортадағы алаңқай,  жоғарыдағы табиғи мінбе көзін тапса бүгінгілер үшін таптырмас демалыс орны. Осы мекенді бала кезден көріп, бұл өңірдегі сұлулықты сезініп өскен әкім спорттық –демалыс кешенін салуды жан-жақты ойластырыпты. Алдымен бұл кешеннің жобасымен танысқанбыз. Жоба, міне, бүгін сәтті басталған сыңайлы. «ХанТенгри-Құрылыс» ЖШС  қолға алған жұмыстың болашағы баянды. Жүргіншілер соқпағы заманауи сипатқа енеді, ортадағы алаң абаттанады, көзге шалынатын қойтастар маңайы жер асты кабельдері арқылы жарықтандырылады.  Бір сөзбен айтқанда тұрғындар демалысына ажар үстейтін  жоба сәтті аяқталса спорттық турниктер, стадион жастарды көбірек қызықтырары анық.

Келесі кезекте Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің жанындағы аумақтан орын тебетін стадион құрылысымен жан-жақты танысқан әкім жұмыс сапасын көзбен көрді. «Строй – Индустрия» ЖШС қолға алған аумағы 6224 шаршы метрді алып жатқан стадионның спортшы қауымды қызықтырары айқын. Мердігер компания істің көзін білетіндер санатында екен. Стадионның құмқайыр төсеніші, тас табаны талапқа сай. Сынақтан өтіп барып жасанды көгалмен жабдықталатын бұл алаң күні ертең аудандық, ауданаралық, облыстық сайыстардың орталығына айналмасына кім кепіл!

Сарқан көз алдымызда көркейіп келеді. Сөз басында айтқандай жаяу жүргіншілер серуенжайының ауқымы да кеңейе түсетін көрінеді. Әкімдік ғимаратының алдынан бастау алатын Тынышбаев көшесі де ортасы гүлзармен, шырша ағаштарымен көмкеріліп, жаяулардың жанар-жағармай иісінен ада таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін кіші арбатқа айналады. Біз көпшілік атынан қолға алынған істің ілгері басуын шын ниетімізбен қолдаймыз. Туған жердің көркейіп, туған елдің тұлғаланғанына не жетсін!

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: