Көзбен көріп, көңілге түйді

Ауданның жүгін көтеруді жауапкершілігіне алған әкімдердің қай-қайсысы да өткеннен үйреніп, бүгінін көзбен көріп, көңілге түйіп, олқылығын оймен сараптап, келешегін жоспарлап барып іске кірісетіні белгілі. Өңіріміздің бірнеше аудан-қалаларын басқарған Талғат Қанатұлы Қайнарбековтың бұл тұрғыда тәжірибесі жеткілікті. Жауапкершілігі мол қызметке кірісер алдында ең алдымен Талғат Қанатұлы өзі туып-өскен ауданның ардагерлерімен кездесіп, бата-тілектерін естуді орынды деп тауыпты.

-Менің сіздермен дидарласудағы мақсатым өздеріңіздің ағалық лебіздеріңізді естіп, алдағы жұмыстарыма серпін алу, сеніммен іске кірісу. Бүгін қызметке келіп, ертең ілгерілеп кетем деп емес, елімнің еңсесін көтерсем деген үлкен үмітпен келдім. Сол үшін білімімді, тәжірибемді, күш-жігерімді жұмсаймын,-деді жаңа басшы айналасындағылармен ойын бөлісе отырып. Аудан басшысы осы басқосуда жақын күндері ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздесу арқылы нақты жұмыстарға кірісетіндігін ортаға салды.

Аудандық ардагерлер кеңе-сінің төрағасы Қадыл Жанасбеков саналы ғұмырларын Сарқанның әртүрлі саласына арнаған аға буын өкілдерімен  таныстырып, Сарқан ауданының Құрметті азаматтары атынан Мейрамғали Қалиасқаров, Қанат Маманбаев ақ тілектерін арнап, абыз ақсақалымыз Болат Рахметқалиев аудан басшысына бата берді.

Келесі кезекте әкім ауыл әкімдерін қабылдады.  Округтегі өзекті деген мәселелерді шешу жолында жұмыла жұмыс істеп, халыққа қалтқысыз қызмет ету керектігі  баса айтылды. Бөлім басшыларымен пікірлесе отырып, алдағы жұмыстардың жоба-жоспарлары жасалды.

Аудан елді мекендерімен жете танысуды  Талғат Қанатұлы Сарқан қаласын аралаудан бастап,  бірнеше маңызды нысан-дардың нақты жұмыстарын көзбен көрді. Әкім алдымен қала халқына беріліп отырған таза ауыз судың жағдайын қадағалайтын «Сарқан Су Құбыры» комму-налдық мемлекеттік мекемесінің нысандарын көрді,  білім беру мекемелерінде болды, атқа-рылған жұмыстарды саралады. Көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы абаттандыру іс-шараларымен танысты. Сонымен қатар биылғы жылы құрылысы басталатын  5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын үйдің орнын көріп, қала көшелерінің жағдайын көңіліне түйді.

-Жол құрылысы жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды шаруа. Жобалау жұмыстары жүргізілгенде жолға қандай қажетті материалдар жұмсалатыны толық тізімделеді. Олардың сапасы мен деңгейіне баса мән беріледі. Сондықтан құрылыстың жобадан ауытқымауын қатаң қадағалауымыз керек,-деп әкім жол құрылысын бақылауды бір сәт те босаңсытпауға тапсырма берді.

Әкім назарынан “Жастар” саябағы мен Мұхаметжан Тынышбаев атындағы орталық алаң да тысқары қалмады. Сапар соңында аудан басшысы  қала іргесіндегі өндірістік аймаққа да барып қайтуға уақыт тапты.

Әкімнің өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандармен танысуының қорытындысында бірқатар жұмыстарға орынды сын айтылып, мекеме басшыларына олқылықтың орнын толтыру үшін қатаң ескерту  жасалды. Осы бағытта шағын әрі тиімді жаңа жоба жасау тапсырылды. Қала нысандарын аралау кезінде әкім аудан бойынша жасалынып жатқан барлық құрылыс, жөндеу жұмыстарына бақылауды бір сәт те бәсеңсітуге болмайтындығын қатаң ескертті. Осы орайда ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 45 жобаның  жүзеге асырылатындығын айта кетуіміз керек.

Осы сапардың ізін суытпай Талғат Қанатұлы аудан аумағында жасалынып жатқан құрылыс, жөндеу жұмыстарына жауапты барлық мердігер компания өкілдерін қабылдады. Басқосуда аудан басшысы қаланы аралау кезіндегі олқылықтарды назарға ала отырып, мердігер компания өкілдерінің жұмысын сынға алды да басталған жоба жайында толық ақпаратты талап етті. Аудан басшысы жасалынып жатқан жұмыстардың барлығын қатаң бақылауында ұстайтындығын жауапты компанияның өкілдеріне ескертті. Сондай-ақ аудан әкімі құрылыс, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін ұдайы тексеріс жасап тұру керектігін мекеме басшыларына тапсырды.

Ауданның елді мекендерін аралау осы аптаның басында Лепсі өңірінен басталды. Лепсі, Қарашыған, Көктерек ауылдық округтерін аралап, жұртшылықпен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдаған Талғат Қанатұлы сапар барысында алдағы жұмыстарды   жобалауға мүмкіндік тапты. Мектеп жанындағы спорт алаңдары барлық елді мекендерде болуы тиіс. Жол сапасы ойдағыдай болып, тұрғындардың жол азабын тартпауы назардан тыс қалмауы керек. Ең бастысы жас-тарды ауылда тұрақтандыру үшін жаңа жұмыс орындары ашылуы қажет. Елді мекендерді көзбен көргендегі көңілге түйген мәселелердің түйінін шешу – басты міндет.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: