Келешекке – кемел біліммен

Жыл сайынғы жақсы дәстүр – тамыз мәслихаты ұстаздардың жаңа оқу жылы қарсаңында бас қосып өткеннен өнеге алып, болашаққа бағдар ұстайтын айрықша жиын. Биыл да білім саласының өкілдері төрт көзі түгел аудандық мәдениет үйінде «Келешекке – кемел біліммен» атауы аясындағы кеңеске жиналды. «Білім мекемелеріндегі 2018-2019 оқу жылының қорытындылары мен 2019-2020 оқу жылының негізгі міндеттері» атты басты баяндаманы аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева жасады.

Заман талабына сай жаңашыл мұғалімдердің қазіргі сапалық құрамы, біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары, үштілді білім беру, білім саласының цифрландырылуы, мүмкіндігі шектеулі оқушыларды үйден оқыту және түзету-дамыту сыныптары, шәкірттерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету, тасымал, жазғы демалыс, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық сияқты бірқатар өзекті мәселелердегі жетістіктер мен кемшіліктер Панар Әнуарбекқызының баяндамасынан желі тартты. Оқушы сөмкесін жеңілдетуге бағытталған электронды оқулық жүйесі, жұмыс дәптерін міндеттемеу, үштілділік мәселесінде мектеп дайындығы мен ата-ана қалауына қарау, жаңартылған бағдарлама, жоғары сынып пәндерінің қатарына енгізілетін кәсіпкерлік және бизнес негіздері сынды бірқатар жаңашылықтар өз тыңдармандарын елең еткізбей қоймады. Жарыссөзге шыққан Тасарық орта мектебінің директоры Роза Сәрсембаева, білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ермек Алинов, №1 мектеп-гимназия директорының орынбасары Татьяна Станкевич, Сарқан гуманитарлық колледжінің оқытушысы Сұлтан Жақыпов, Сарқан политехникалық колледж директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Анаргүл Өмірбекова, №10 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинет басшысы Махаббат Чуйкенова, облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Ошағанова және ата-ана комитетінің төрайымы Людмила Воеводина білім саласындағы бірқатар түйткілдерді ортаға салды. Кеңесті аудан әкімі Марат Разбеков қорытындылап, егемен еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған мұғалімдер алдындағы зор жауапкершілік пен міндеттер турасында сөз қозғап, соңында жаңа оқу жылында толағай табыстарға жетуге тілектестік білдірді.

Сондай-ақ айтылған ұсыныс, пікірлер ескеріліп, тамыз кеңесінің қарары бекітілді. Жиын соңында бірқатар ұстаздарға білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының және аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды.

Н.Островский атындағы мектеп-лицей директоры Гүлшат Мұқашева жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі елеулі еңбегі үшін ҚР білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Қортытынды рейтинг бойынша да аталмыш мектеп І орынды иеленгендігін айта кеткеніміз жөн.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: