Әкім халық үніне құлақ асады

Облыс әкімі Амандық Баталов ҚР Президенті Қасым – Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ “Сындарлы  қоғамдық         диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында айтылған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет”  тұжырымдамасына байланысты облыс жұртшылығының алдында есеп беріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын шешуге ықылас білдірді.

Есепті баяндамада өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары жан-жақты көрініс тапты да, уақыттың негізгі бөлігі көпшілік арасынан көкейіндегі сауалдарын ірікпеген жұртшылық өкілдеріне берілді.

Баяндамада әлеуметтік салаға басымдық берілген. Осы бағытта облыс көлемінде атқарылған жұмыстар кеңінен сараланды. Әрине, басқа салалар да ұмыт қалған жоқ. Атап айтқанда көкейкесті мәселелердің бірі –  көгілдір отынмен қамту мәселесі бойынша  Амандық Ғаббасұлы қазіргі уақытта Алматы облысында 144 елді мекен газдандырылып, газдандыру деңгейі 30,4% – ды құрағанын жеткізді. Ендігі кезекте 305,4 мың адам тұратын 97 елді мекенді қамтитын “Талдықорған-Үшарал” және “Шелек-Кеген” магистральды газ құбырларының құрылысын жобалау жүргізілуде. Аймақта денсаулық сақтау саласын дамыту үшін көптеген жұмыстар жүргізілгені ағымдағы жылы 3,8 млрд.теңге көлеміне тоғыз дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт салынатыны көпшілікті қуантты. Бірінші кезекте арнайы маманданған дәрігерлерді тарту үшін барлық аудандар мен қалаларда 126 пәтер сатып алу жоспарлануда, бұл жұмысқа 756 млн.теңге бөлінеді.

Баяндамадан соң сауалдарға кезек берілді. Қалыптасқан дағды бойынша жарыссөзге шығып, әкім жұмысына баға беріп жатқандар болған жоқ. Оның есесіне көпшілік көкейіндегі сауалдар залдың екі жағында орналасқан микрофондар арқылы әкімге жетті де, Амандық Ғаббасұлы тікесінен тік тұрған қалпы әр сұраққа сергектікпен қарап, тиісті шешімін табу жолдарын ойластырды.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: