Коворкинг орталығы ашылды

Жуырда  Астананың 20 жылдығына    орай  Сарқан аудандық  кітапханасында  коворкинг орталыгы ашылды. Coworking дегеніміз бірлесіп жұмыс істеу деген мағынаны білдіреді. Египеттің атақты Александрия кітапханасында осындай орталықтар жұмыс істеп, басқа өңірлерге үлгі-өнеге болған көрінеді. Мұнда шеберлік кластары ашылып, кітапхананың ресурстары толығымен пайдаланылатын болады.

Сол күні орталық кітапхананың коворкинг орталығына бөлінген залына заман талабына сай жиһаздар қойылып, кітап көрмесі ұйымдастырылыпты.  Салтанат өтетін орын ноутбук арқылы  «Wi-Fi–интернет» /вайфай/ қосылып, шарлар ілініп, алдына лента байланып салтанатқа сай безендірілген. Кітапхана қызметкерлері арнайы  формаларымен меймандарды  қарсы алып, өтетін шараның өзіндік ерекшеліктерін түсіндіріп өтті.

– Астана күніне  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бізде көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырылуда,-деді аудандық кітапхананың директоры Гүлнар Мұхаметкалиева. –Соның бірі «Электронды кітапханалардың бірыңғай сандық кеңістігі» партиялық жобасын жүзеге асыру барысындағы коворкинг орталығы.

Бұдан әрі кітапхана басшысы жаңа жобаның оқырмандар үшін игілігі мол әрі қолжетімді болатындығын нақты мысалдармен дәлелдеп берді.

– «Білім көзі кітапта»,-дейді халқымыз. «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде мақұлданған 22 жобаның бірі осы коворкинг орталығы болатын. Цифрлы Қазақстан жобасы аясындағы бұл игі іс оқырмандар сапын нығайтуға өзіндік ықпалын тигізері анық,-деп құттықтау лебізін ортаға салған аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы жақсы істің басында жүретін кітапханашылар жұмысына табыс тіледі.

Жиында сондай-ақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков,   «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов, қалалық әжелер ұйымының төрайымы Күлшарбан Қалиева сөз алып, игі іс-шараның тиімділігіне тоқталды. Сарқан ауданының Құрметті азаматы, жазушы–өлкетанушы Өкітай Ахметов ауданда жүзеге асырылған рухани бағыттағы барлық шараларды атап өтіп, алаш арыстары туралы жазылған кітабын аудан әкіміне ұсынды.

 

Ж.Мақатұлы.

Мәліметпен бөлісу: