Латын қарпіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам

«Болашағы жоқ бүгінгі күн ештеңеге жарамайды»,- дегендей, біздің латын әліпбиіне көшуіміз – болашаққа деген жарқын қадамдарымыздың бірі деп есептеймін. Елбасымыз  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы мәселені назарға алуды сұраған болатын. Бұл Қазақстанның болашаққа деген жаңа қадамы деп білемін. Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері бүгінгі қолданыста жүрген кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер жиі айтылып келеді.Қазіргі қолданыстағы кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит екені бәрімізге мәлім. Түркі заманынан мұра болып қалған құндылық «руно» жазуы еді. Одан кейін араб шапқыншылығы кезеңінде елімізге араб жазуы (төте жазу) ислам дінімен қатар келді. Ал Кеңес өкіметі тұсында кириллица болды. «Ресей тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер еместі.Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты мақсаты терең, ауқымды қарқынмен жүзеге асырылды.Нәтижесінде, орыс тілі өмірдің көптеген салаларында жалғыз ғана тіл болып, ұлттық тілдерді ығыстырды.Сондықтан кеңес үкіметі құрамындағы қазақ, өзбек сияқты басқа да түркі халықтарының санасында кириллица мәжбүрлеумен және зорлық-зомбылықпен байланыстырылады.  Латын әліпбиіне өтуіміз еліміздің бай мәдениеті мен мұрасымен көптеген шетелдік оқырмандардың терең танысуына жол ашады. Және де көршілес түбі бір түркі елдерінің көбісі латын қаріпіне көшкен болатын. Өздеріңіз білесіздер, көптеген ғылыми салаларда осы латын алфавиті қолданылады. Ал  бізге осы латын алфавитіне көшу қиындық тудырмайды.

Егер біз осы алфавитті қолданысқа енгізсек, расымен де дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Себебі, бұл халықаралық дәрежеде қолданылатын тіл. Еліміздің ертеңін ойлап және болашаққа дұрыс бағдар берген Елбасымыз нағыз ел жанашыры. Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу – еліміздің болашаққа деген жарқын қадамдарының бірі. Осы әліпбиге көшу арқылы түркі және жаһандық мемлекеттермен ықпалдасуға толық мүмкіндік аламыз.

 

Ақжол Жекен,

Абай атындағы мектеп-гимназиясының 10 «ә» сынып оқушысы.

Мәліметпен бөлісу: