ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕМЕН ҰШТАСАДЫ

Бүгінгі таңда елімізде қазақ әліпбиін латын графикасына негізделген нұсқада пайдалануға байланысты әрқилы пікірлер айтылуда. Бірі латын әліпбиінің тиімділігін, оңтайлы тұстарын алға тартса, бірі «асығ  ыс қадам жасауға болмайды» деген пікір айтады. Қоғам болған соң мұндай екі жақты пікірдің болуы заңды нәрсе. Десек те, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылдың сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атап көрсетіп, 2025 жылға дейін толықтай латын әліпбиіне көшетіндігімізді анық жазған болатын.

Әлбетте, латын әліпбиіне көшу идеясы аспаннан түскен жоқ. Ол тарихымызға, әдебиет-мәдениетімізге де, тіпті ұлттық жадымызға ғасырлар бұрын өз таңбасын қалдырып кетті. Латын графикасын меңгере отырып, талай тарихи таным-түсініктің, шежіренің сырларын ашқан болар едік. Бұл әліпби 3000 жылға жуық уақыттан бері бар. Бір ғасыр бұрын, яғни 1920 жылдарынан бастап қазақ интеллигенциясының алдыңғы буын өкілдері, оқытушы ұстаздар, латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесін қозғаған-ды.

Сол уақытқа дейін қазақ жазуы А.Байтұрсынұлының емлесімен пайдаланылған еді. Елбасымыз өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деген болатын.

Қоғамды тәрбиелеу, қандай да бір іске жұмыла кірісу – мектеп қабырғасынан бастау алады. Сондықтан, латын қарпіне көшу мәселесі алдымен мектеп бағдарламаларына енгізілуден бастау алары сөзсіз. Мәселен, 2019 оқу жылы барысында пилоттық жобамен еліміздегі 0 сыныпқа баратын бүлдіршіндер латын қарпімен даярланған мектеп бағдарламасын игереді. Аталған үрдіс кириллицаны санасына сіңіріп келген оқушы үшін де, ұстаз үшін де бұл жаңашылдық үлкен қызығушылық пен ынта-жігерді оятады деген сеніммен айта аламын.

Латын әліпбиімен мектеп бағдарламасын игеру оқушылар үшін еш қиындық туғызбайды. Себебі, ағылшын тілін жастайынан меңгерген балалар латын таңбаларына көздері үйренген, құлаққа сіңісті болған. Жаңа әліпбиге көшудің бір мақсаты  – балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығын естен шығармауымыз керек. Десек те, «Әліпби ауыстыру ана тілімізге не береді, неден ұтып, неден ұтыламыз?» деген сұрақ та көпшілік көкейінде сайрап тұрғаны белгілі. Әліпбиді ауыстыру – ана тілімізді түп тамырымен жойып жібереді деген жаңсақ пікірге ұрынбағанымыз абзал. Тіл емес, жай ғана таңбалау тәсілі ауысады. Тиісінше, тілдік қорымыздағы басы артық таңбалар мен кірме сөздерден арылып, бір тазарып қалар едік.

Сондай-ақ, тіл тазалығы мәселесі реттеледі. Тілімізде этимологиямызға жат таңбалардан арылып, қазақ тілінің табиғи қалпын, нақышын, өз әуезін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Мектеп табалдырығынан бастап, жоғарғы оқу орындарында оқу процессін жеңілдетеді. Білім-ғылым саласында да айтарлықтай жаңалықтар ашуға үлкен септігін тигізер еді. Халықаралық стандартқа сай, әліпбиіміз латын графикасымен таңбаланса, ашылған ғылыми жаңалықтарды жария ету барысында әлемдік дәрежеде тереземіз өзгелермен тең түсер еді. Түбі бір түркі халықтарымен байланысымыз нығайып, рухани, экономикалық қарым-қатынасты тығыз орнатуға септігін тигізеді.

Елімізге белгілі ғалымдардың пікіріне жүгінсек, тұтас түркі еліне танымал ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мырзахметұлы латын жазуына көшудің бес артықшылығын көрсетеді: «Біріншіден, қазақ тілі табиғи қалыпқа түсіп, жасандылыққа ұрынған артикуляциялық базасынан арылып, табиғи қалпына түсер еді; Екіншіден, әріп сандары 42 әріптен 28-34-ке дейін қысқарып, жазу сыйымдылығы артып, машинкаға да, компьютерге де сыйымды болар еді. Интернетке де кедергісіз шығар едік; Үшіншіден, латын жазуына өтуге біздің тәжірибеміз де бар. Қазіргі аға ұрпақтың бәрі де латын жазуын қиналмай оқи береді. Ал жастар болса шет тілдерін оқығандықтан, латын әрпімен таныс болғандықтан, тез меңгеріп кетеді; Төртіншіден, біз латын әрпін біркелкі ортақ таңбамен алсақ, түрік халықтары бірін-бірі оқи алатын мүмкіндікке келеді; Бесіншіден, ең бастысы – санамызға күнде әсер етіп отырған кеңестік идеология мен дүниетанымның тұтқынынан босаймыз». Келіспеске шараңыз жоқ. Тайға таңба басқандай етіп артықшылықтарын атап көрсетті. 

Ұлттық маңызы бар бұл идеяда мұғалімдердің де еңбегі мен қосқан үлесі өлшеусіз болмақ. Өскелең  ұрпаққа жол ашып, жаңа заманның интеллигенциясын қалыптастыруда ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек сіңірген ұстаздар қауымына үлкен міндеттемелер болары сөзсіз. Соған қарамастан, бар күші мен жігерін сарқып, ұлттық болмыстың жаңғыру жолында әлемдік деңгейде жетістіктерді бағындыруға ұстаздық еткен әрбір маманның қолынан келеді деген сенімдемін.

Күлшарбан ҚАЛИЕВА,

білім саласының ардагері.

Мәліметпен бөлісу: