Латын әліпбиі – мәңгілік елдің рухани жаңғыруы

Жаңа мың жылдыққа ұлы мұратпен қадам басқан еліміздің рухани жаңаруының бастауы- латын әліпбиінде жатыр. Латынға ауысу қазақ тілінің дамуына, халықаралық мәдени- рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына және ІТ- технологиялардың дамуына жағдай жасады. Нақты және жаратылыстану ғылымдары мен гуманитарлық ғалымдардың озық еңбектері дәл осы латын қарпімен жазылған.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардың басынан бері қоғамда латын әліпбиі туралы мәселе кеңінен талқыланып келді.

Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында латын әліпбиіне көшу мәселесіне ерекше тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл- ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы- қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп уақытын белгілеп берді.

Латын әліпбиіне көшуді заман талабы, әлемдік өркениеттіліктің заңды үдерісі ретінде қоғам қабылдады. Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын қайта жаңғыртады, түркі және жаhандық әлеммен ықпалдасуға жол ашады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Еліміздің латын әліпбиіне көшу- ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі» деді.

Ұлы Дала төсінде қазақ халқының қалыптасуының мыңдаған жылдарға созылған дүбірлі тарихы бар. Ендеше, халықтың тілінің қалыптасып, дамуының да осыншама тарихы бар екені баршамызға аян. Қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі, біріншіден заман талабы, екіншіден, латын әліпбиі жаhандану үдерісінде өркениетке жол ашып, түркі әлемімен бірігуге негіз болады, үшіншіден тарихтың тәлкегінен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ халқы үшін латын әліпбиі олардың рухани бірлігі мен дүниетанымының тұтастануына алып келетін бірден – бір сара жол болып саналмақ.Латын әліпбиін қабылдау бізге ұлттық құндылықтарды, рухани байлығымызды, рухани мәдениетімізді, салт – дәстүрімізді сақтап ары қарай дамытуға себепші болады. Біз өз тарапымыздан латын әліпбиінің артықшылықтарын халыққа кеңінен таныстыра отырып, бүгінде ішкі саясатымыздағы басты жетістігіміз азаматтық қағидаларға негізделген қазақстандық бірегейлікті нығайтудың және дамытудың жолдарын көрсете аламыз. Ұлттық мұрат негізіндегі қоғамды ұйымдастырып, әлеуметтік бірлікті нығайту кез келген көп ұлттық мемлекеттің қоғамдық өңірінің күрделі жақтарының бірі болып табылады.

Сондықтан, Мәңгілік Ел мұратына ұмтылған Қазақстан халқының ұлттық кодының негізі саналатын рухани жаңғыртудың негізі латын әліпбине көшу – еліміздің өркениетті мемлекеттердің қатарынан табылуының кепілі болып саналады.

Т.Бимолданов,

Қарашыған ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы, «Нұр Отан» БПҰ мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: