Ұлы дала елордасына сәтті сапар

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталық-тарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», деп атап көрсетті.

Астана – ұлан – ғайыр еліміздің бас қаласы, мәде-ниеттің ошағы, ғылым мен білімнің, көгілдір туымыз  желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Бүгінде Астанамыз әлем таныған, бәсекеге қабілетті әсем қалаға айналды. Санаулы жылдың ішінде бой түзеген арман қаланы көрудің өзі үлкен бақыт.

Жақында ауданымыздың үздік шәкірттері ата – ана демеушілігімен, еліміздің жүрегі Астана қаласын көру бақытына ие болды. Саяхат кезінде оқушылар Астанамыздың символына айналған бәйтеректен бастап қаланың әсем жерлерін толықтай аралады. Балалар алғашқы күні Этно ауылға барып қазақ халқының ежелгі салт – дәстүрлері мен жеті қазынасына айналған қыран бүркіт пен құмай тазыны өз көздерімен көрсе, саяхаттың екінші күні Алматы облысының Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап сыйға тартқан «Жетісу» саябағымен танысып қайтты. Тек бұл ғана емес, Астанамыздың көркіне айналған барлық әсем жерлерді тамашалады. Бұл саяхат жас жеткіншектер үшін өте қызықты және есте қаларлықтай сапар болды. Оқушылар демалып қана қоймай, сонымен қатар ұлы дала елордасына айналған Астанамыздың тарихымен тереңірек танысып, қала туралы тың деректер біліп қайтты. Бұл сапар оқушылар үшін ғана емес, мен үшін де есте қаларлықтай қызықты әрі осы саяхат арқылы өзіме көп тәжірибе жинадым десем болады.  Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласына жасаған саяхатымыз есте қаларлықтай қызықты әрі көңілді өтті. Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтергеніне қуаныштымыз.

Ерлан Абилбеков,

Көкөзек орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Мәліметпен бөлісу: