Ұлы Жеңіс – ұрпақтар есінде

Күркіреп күндей өткен екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да міне биыл 74 жыл. Адамзат тарихындағы ең алапат мүдделер қақтығысына ерікті, еріксіз қаншама мемлекет қатысты. Ең қасіреттісі сұм соғыс миллиондардың өмірін жалмады. Ұлы Отан алдындағы борыштарын қазақстандықтар да  абыроймен қорғап ұлт атына дақ түсірмеді.  500-ге тарта қазақстандықтың ең жоғарғы награда – Кеңес Одағының батыры атағын иемденуі сөзіміздің айқын айғағы.

Өткен аптада 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесін сарқандықтар да айрықша атап өтті. Алдымен аудан басшылары бастаған жұртшылық дәстүрге сай «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Аталмыш саябақтан шеру тартқан «Мәңгілік полк» шарасына қатысушылар М.Тынышпаев атындағы орталық алаңға дейінгі аралықты жаяу жүріп өтті. Отты жылдары кеуделерін оққа тосқан аталары мен әкелерінің жарқын бейнелерін жоғары көтерген топ жол бойы жеңіс әнін шырқап, майдангерлердің мерейін асқақтатты. Осылайша ерлер есімі ұрпақтан ұрпаққа жетіп жасай беретіндігі тағы бір мәрте паш етілді. Орталық алаңдағы шара бастауында аудан әкімі Марат Разбеков көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізімен бөлісті. Батыр бабаларымыздың ерлігі мәңгі ұрпақ жадында жасай беретіндігін сөзіне арқау еткен Марат Мелісұлы – «Жеңіс күні еліміздің әр өңірі үлкен рухпен ұйымдастыратын мерекелік шаралар Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады»,- деді.

Сондай-ақ аудан басшысы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюда асқан ерлік көрсеткен бірқатар жандарға «Чернобыль және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері Одағы» қоғамдық бірлестігінің «Батылдық үшін» орденін салтанатты түрде табыстап, ерлердің кеуделерін көркейтіп, жүздерін жарқын етті.

1418 күн мен түнге созылған сұрапыл талай жандардың атын тарих бетіне алтын әріптермен әдіптеді. Жасампаз ұрпақ барда ерлер есімі мәңгі жасай бермек. Жеңістің 74-ші көктемі осыны тағы бір мәрте еске салды. Мерекелік шара барысында соғыс жылдарындағы әндер асқақ шырқалып, орталық алаңды «Жасасын Жеңіс, жасасын бейбітшілік» деген ұлы ұғымдар кернеді.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: