Ұлы Жеңіске үлес қосқан

«Ер-ел үшін туады, ел үшін өледі»

Халық даналығы.

Сонау сұрапыл соғыс жылдары қасиетті жерді, туған елді неміс басқыншыларынан қорғауға ер азаматтар тегіс майданға аттанды.Қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, майдан даласында миллиондаған жауынгерлер қаза тапты.

Сұм соғыс өшпейтін із, жазылмайтын жара, ұмытылмас естелік қалдырды. Әр отбасына қайғы –қасірет әкелді, жетім балалар мен жесір аналар ауыр тауқыметпен тірлігін жалғастырды. Соғыстан қайтпай, артында ұрпағы қалмаған жандар қаншама!..

Тылда  «Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен қүндіз-түні еңбек еткен жас балалар мен әйелдер еңбегі ерен. Тағдырдың жазуына мойын ұсынып, ауыр тірлікті көтеріп, жүрегінде жеңіс деген үміт сәулесін аялап, шаңырағының отын өшірмеген қайран аналар! Өмір бойы соғыстан баласын күткен кейуаналар, сүйген жарын күткен арулар туралы фильмдер соған дәлел болады. Белгілі сазгер ағамыз Алтынбек Қоразбаевтың  «Қара кемпір» әнін бей-жай тыңдау мүмкін емес..

Рухы биік, жігері мұқалмаған, бойын намыс кернеген, күш-қуаты мол, жүрегінде иманы бар қарапайым жан туралы жазбау мүмкін емес.

Иманбаев Ильяс  Талдықорған облысы, Сарқан ауданы, Сталин колхозы (Қарауылтөбе) ауылында текті отбасында  дүниеге келген.Сол замандағы саясаттың кесірінен ата-анасынан ерте айырылады да  (Қытай колхозы) Пролетарияда әпке-жездесінің қолында тәрбиеленеді.Арабша сауат ашып, 4 класстық білім алады. Жастайынан еңбекке араласып, комбайыншы болып жұмыс істейді. «Ел басына күн туса,ереуіл атқа ер мінер» дейді халық даналығы 1942 жылы қаңтарда өз қалауымен Сарқан қаласының әскери комиссариятынан Алматыға (Верный) барып, 3 ай әскери дайындықтан өтіп, «100-ші атқыштар дивизиясының артиллерист қатарына алынып қан майданға аттанады. Фашистердің күші, техникасы, қаруы мықты болған. Бірақ біздің жауынгерлердің бойында елжандылық рух, Отанға деген сүйіспеншілік, Ұлы Жеңіске деген сенім, мақсат бәрінен биік еді.Великие Луки, Невель  және басқа қалаларды азат етуде кескілескен шайқастар болды.Жауынгер жаудың талай танкілерін жойып,талай жауды жер жастандырды. 1944 жылы мамырда артиллерист Иманбаев Ильяс кезекті  ұрыста оң қолынан ауыр жараланып әскери госпитальға түсті.   «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» демекші ол екінші топ мүгедегі боп елге оралды.Соғыстан кейін ел экономикасын көтеруге өз үлесін қосты, үнемі ауыр жұмыстарда аянбай тер төкті.

1952 жылы Бейсбекова Үмітпен некелесіп, отбасын құрды. Амангелді ауылында 3 жыл киіз үйде тұрып екеуі де еңбек етті. Жұбайы колхоздың 10 сиырын қолмен сауып, кезекпен 100 бұзау бағады екен, кей кезде үлкен қызын  5-6 айлық баланы арқасына байлап алып жұмыс істеген екен.

Еңбегі еленіп сыйақыға бір бұзау беріпті. Сол бұзауды мал қылып өсіріпті. 1955 жылдары Қарауылтөбе ауылына көшіп келеді, бірақ сол кездегі басқарма мал бағуды жалғастыруын талап еткен, бір малын да өріске қостырмаған.Жағдайға қарамастан ауыл адамдарын жинап, жиналыс ұйымдастырып, «Иманбаев Ильяс мал бақпаймын деді, өкіметтің жұмысын істемеймін, Совет өкіметіне, партияға қарсы келді, бұл нағыз халық жауы жер аудару керек! Дауысқа  салыңдар!» деген екен. «Жер аударылсын!» деп қол көтерген жерлестері де болған екен. Ертеңіне ауданнан әскери адам келіп жағдайды сұрайды, құжаттарын тексеріп, қатты ашуланып жұдырықпен үстелді ұрып:  «Он не враг, он советский солдат!» деп басқармаға ұрсыпты, “мүгедектігіне байланысты комиссиядан өтсін, жеңіл жұмыс берілсін” деп нұсқау жасапты.  «Аққа құдай жақ» демекші осы жағдайды еске алғанда жаны күйзелетін…

1976 жылы «Пограничник» сов-хозына көшіп, сонда малшы болып зейнетке шыққанша жұмыс істеді.Жұбайы екеуі бала-шағасын асырап.немерелер сүйіп, бірге қартайды.Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған, Алланың маңдайына жазғанын көріп, еш қиындыққа мойымай, қайсар рухымен, батырлығымен, адамгершілігімен ерекшеленген қарапайым  тұлға өмірі жас ұрпаққа өнеге болып қалмақ.

Ұлы Отан соғысына қатысып, бізге бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлер мәңгілік ел есінде қалады. Ұлы Жеңіс күнін асыға күтетін әке рухына мың тағзым!

Эльмира Иманбаева.

Мәліметпен бөлісу: