Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

Жыр жанартауы-Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында ақпан айының 6 жұлдызы күні аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Мұқағали- мәңгілік ғұмыр» атты әдеби – сазды кеш өтті. Шайырға арналған шара барысында ақиық ақынның «Мәңгілік Мұра», «Жүрегі оның жанартау», «Когда спят лебеди», «Есіңе мені алғайсың», «Мұқағали» кітаптары көрмеге қойылып, шығармаларға библиографиялық шолу жасалды.

 

Әдеби – сазды кешке «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман, Мәдениет үйінің қызметкерлері, Абай атындағы мектеп-гимназиясының Мұқағали үйірмесінің жетекшісі Ұлжан Смаханова, 7, 8, 9 сынып оқшылары, жастар, Алматы облысының мемлекеттік архиві КММ «Сарқан» филиалының өкілдері қатысты.

Кешті кітапхана қызметкерлері Құрманбаева Мадина, Сагимбаева Айжан жүргізді. Кеш куәгерлері қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны мен шығармашылығына тағы бір мәрте қанықты. Қатысушыларға Аудандық кітапхана директоры Мұхаметқалиева Гүлнар өз алғысын білдіріп, кешке қатысқан оқушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Сондай-ақ жуырда Шатырбай ауылдық кітапханасында ақынның 87 жылдық мерейтойына орай «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты әдеби жыр кеші өткізілді. Кешті 7 сынып оқушысы Жүніс Аружан ашып, қыран тағдырлы ақынның өмір жолын слайд арқылы жеткізді. Ақынның өз даусымен орындалған өлеңдері жиналғандарды баурап алды. Ақынның өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Отан, ана, туған жер, табиғат тақырыбындағы өлеңдерін оқушылар жатқа мәнерлеп айтып, тыңдарман жүрегіне жеткізе білді.
Мәдениет үйінің қызметкерлері Түсибеков Қуат, Бейгімбетов Серік ақынның сөзіне жазылған әндерін орындады. Шара соңында кітапханашы Р.Айтпосынова «Жырлайды жүрек» атты кітап көрмесін таныстырып, библиографиялық шолу өткізді. Шараға қатысушы ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, кітапхананың тұрақты оқырманы Өнерханов Өмірбек қатысушыларға алғыс білдіріп, М.Мақатаев туралы көптеген қызықты деректер айтты. Мәдениет үйінің директоры Рахимжанов Ш. және ауылдық жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушы Ботбаев Д. қатысып, ақынның рухани қазынасын ғасырдан ғасырға жеткізіп жүрген ұрпаққа өз лебіздерін білдіріп, оқушыларды марапаттады.

Айсұлу СЕЙПОЛДИНА,
аудандық кітапхана әдіскері.

Мәліметпен бөлісу: