Маңызды мәселелер қаралды

Өткен аптада аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында әкімдіктің отырысы өткізілді. Аудан әкімі Марат Разбеков төрағалық жасап, қала, ауылдық округ әкімдері, мекеме-бөлім басшылары қатысқан келелі кеңес отырысында үш мәселе көтерілді. Атап айтқанда ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жария етіліп, 2019 жылғы І тоқсандағы міндеттері тағы бір мәрте айқындалды. Сондай-ақ көктемгі алқаптық жұмыстарға әзірлік барысы мен су тасқыны қауіпті кезеңге дайындық жайы талқыланды.

Жиын арқауы – алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Т.Аязбаев басты салалардың бүгінгі таңдағы жай-күйін жан-жақты ашып көрсеткен баяндама жасады. Талғат Тоқтасынұлы аудан экономикасының өзегіне айналған сүбелі салалардағы жетістіктермен қатар керітартпа кемшіліктерді де бүкпесіз ортаға салды.  Аграрлық салаға арқа сүйеген аудан үшін көктемгі науқанға әзірлік айрықша маңызды. Жауапты шаққа жауапкершілікпен қарау жайы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ж.Өмірсадық баяндамасынан желі тартты. Зор сенім жүктейтін қант қызылшасының егістік ауқымын ұлғайту, ауыл шаруашылық техникаларының, сервистік дайындық орталықтарының кезекті науқанға дайындық барысы мінбер иесінің негізгі сөзіне арқау болды. Ал күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, майор А.Тиынов сөз тарқатты. Аталмыш мекеме тарапынан көктемгі тасқын судың алдын алу мәселесі басты назарға алынып, осы бағытта тиісті іс-шаралар жоспары түзілген. Қазіргі таңда жоспар аясында жұмыстар жүргізіліп, ауылдарда анықталған кемшіліктер негізінде ауыл әкімдеріне нақты ұсыныс-нұсқамалар берілген. Кеңес отырысында қаралған мәселелерді талқылауға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т.Ибраева, Сарқан қалалық округінің әкімі А.Орынбеков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы М.Рымбаев шығып, өңір экономикасына инвестиция тарту, баға саясаты, салықтық түсімдер, көктемгі тасқын судың алдын алу бағытында жұмыстар  жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Жиынды қорытқан Марат Мелісұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар жауапты тұлғалар жұмысына сын айта келе нақты тапсырмалар жүктеді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: