Мамандығына адал ұстаз

Абай атындағы мектеп-гимназияда тарих пәнінен сабақ беріп, 10 жылдам астам уақытын әдіскерлік қызметпен ұштастырған Смаханова Ұлжан Өзбеханқызы- қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін шәкірттеріне таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі.

Смаханова Ұлжан Өзбеханқызы-таудан сарқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дарынды оқушыға  дара жол сыйлайтын дара жан. Оның айғағы мектебімізде тұңғыш рет  26 сәуір күні Жетісу телеарнасындағы «Таңжарық» бағдарламасына тікелей эфирге қатысып, оқушысы Жекен Ақжолдың КҒА жолындағы тұңғыш еңбегінің жетістігін тыңдармандарға паш еткендігі. Шәкірті екеуі-жерлес ұстаз, әрі күйші Сапаржан Баяхметұлының еңбек жолын  ғалымдармен бірлесе отырып, тың деректер жинағандығын тереңнен толғап жеткізді. Ұстаздың осындай тың еңбегін ұлықтаған мектеп әкімшілігі әдістемелік кеңесте тікелей эфирді көрсете отырып, гүл шоғын табыс етті. Осы кездегі ұстаз бейнесі, сезімтал жан дүниесіне әсер етіп, ерекше толқып, көзіне жас үйірілді. Гүлге тамған көз жасы талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан тамшыдай көрінді. Мөлдіреген жанарынан ұжым мүшелеріне деген ерекше сүйіспеншілігі үнсіз оқылып тұрғандай болды. Ұстаз өзінің бүгінгі еңбегінің ерекше бағаланғандығын өзіне деген мәртебелі құрмет деп сезінді.

«Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» – деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынын ашу Смаханова Ұлжан Өзбеханқызының өзекті мәселесі болды. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандыққа нағыз адал ұстаз екенін ол өзінің әрбір тың шығармашылық жұмысымен таңқалдырумен ұжым мүшелеріне беделі зор ұстаз. Ол кісіні біз кейінгі жастар «Мамандығына адал ұстаз»,- деп пір тұтамыз.

 

Жадыра Сембаева,

Абай атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі

орынбасары.

Суретте: 26 сәуір күні “Жетісу” телеарнасындағы «Таңжарық» бағдарламасы.

Мәліметпен бөлісу: