Масленица мерекесі атап өтілді

Өткен аптада Қойлық, Черкасск ауылдарында «Қойлық ауылдық округінің орыс-қазақ қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен славян халықтарының мерекесі – Масленица атап өтілді.

Жалпы сарқандықтар аталмыш мерекені соңғы жылдары кең көлемде атап өтуді  тұрақты дәстүрге айналдырды. Осынау мейрам бір жағынан қыспен қоштасып, шуақты көктемді қарсы алатын күн ретінде тойланса, сонымен қатар, өкпелі адамдарды бір-бірімен татуластырып,  жасаған қателіктері үшін кешірім сұрауға үндейтін күн болуымен ерекше.

Бұл жолы қос ауылда ұйымдастырылған мерекелік шараға ауыл тұрғындары, белсенді жастар да үн қосып, айрықша атсалысты. Жергілікті өнерпаз қыз-жігіттер алаңға жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді.

Шара барысында әсем ән де, ұлттық киімдермен жасанған көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті.

Ал, Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы – құймақ тұрғындарға таратылды.  Шеңбер пішіндес құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын, мерекенің бұлжымас белгісін айшықтап тұрғандай көрінді. Ауыл халқын береке-бірлікке үндеген мереке соңында спорттық ойындар ұйымдастырылып, қуыршақты жағу рәсімін де көпшілік қызыға тамашалады.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: