Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы

Осындай атау аясында өткен аптада аудандық мәдениет үйінде медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараны құттықтау сөзімен аудан әкімі Марат Разбеков ашып өз тілегін ортаға салды. Өңірімізде денсаулық сақтау саласындағы ілкімді істерді, оңды өзгерістерді мерекелік лебізіне арқау еткен Марат Мелісұлы сөзін: -Құрметті медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Аудан тұрғындары атынан сіздерге шексіз алғысымды жеткізе отырып, бақытты өмір, еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға береке – байлық тілеймін. Саламатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіз-дер» – деп түйіндеді.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Марат Разбеков медицина саласындағы қажырлы еңбектерін бағалай отырып, бірқатар жас мамандарға және ардагер дәрігерлерге облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттары және аудан әкімінің мадақтамасын табыстады. Талай жылғы төккен тердің өтеуіндей Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының «Еңбек ардагері» медалі ардагер ақ халатты жан Күлшария Рахымжанқызының өңірін көркемдесе, «Үздік мейірбике» облыстық байқауында аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің бас мейірбикесі Сымжанова Самал Сымжанқызы топ жарып, 350 мың теңгелік сертификатты иеленгендігін айта кеткеніміз жөн.

Ақ халаттыларды сондай-ақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков құттықтап, бірқатар мереке иелеріне сый-сияпатын ұсынды.

Шара ақ халатты абзал жандардың құрметіне аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ұсынған арнайы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бұл күні Гиппократ антына адалдық танытып, шипалы қолымен науқас бойына шуақ пен қуат дарытқан жандарға осынау ел құрметі тағы бір мәрте тасқындады.  

 Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: