«Медицина қызметкерлері мамандығына адал» дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаев

Халық денсаулығы мемлекетіміздің басты назарында. Бұл орайда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында табысты болашақтың басымдылықтарын санамалап беріп, халықты сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз етуді, кең тараған ауру түрін анықтап, оны емдеумен шұғылдануды міндеттеген болатын. Осы міндеттер Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында нақтылана түсті. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, оған халықтың әлсіз топтарын қатыстыруға мемлекеттік қолдау көрсету, бәсекелестікті дамыту алдағы ауқымды жұмыстардың негізін құрайды. Дәстүрлі медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында біз аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаевпен жолығып, атқарылған жұмыстарды жұртшылыққа жеткізуді мақсат тұттық.

  • Алтай Кәмиұлы,  әлеуметтік ауруларды анықтау мақсатында қандай ықпалды шаралар жүзеге асырылуда?

-Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту жолында 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оның бірінші кезеңіне жоспарланған ұлттық скринингтік бағдарламаны жетілдіру үшін нақты жұмыстар жүзеге асырылып, ауруы анықталған адамдарды дерттен айықтыруды басты бағдар тұтудамыз. Ауруды емдегеннен гөрі алдын алу тиімді. Ұлттық скрининг, міне, осы мақсатты көздейді. Біз арнайы топ арасында профилактикалық тексеруді жоспарладық. Атап айтқанда 17 жасқа дейінгі 10881 балалар мен жасөспірімдер толық тексеруден өтті де 2775 ауру анықталды.  Қан-тамыр жүйесі ауруларына 3045 адам қаралып, оның ішінен 457 науқас емделді. Сол сияқты жатыр мойны қатерлі ісігі, сүт безі қатерлі ісігі, глаукома, қант диабеті, тік ішек қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар осы жаппай тексеру нәтижесінде анықталып, диспансерік есепке алынып, дерттің алдын алуға қам-қарекет жасалуда.

-Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша 5 институционалды реформасын іске асырудың 80,81,82 қадамы денсаулық сақтау жүйесінің мүддесін қозғайды. Соның 80-қадамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге арналған. Биылғы Жолдауда осы жүйені енгізуге нақты тапсырмалар берілді. Аталған бағыттағы ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз…

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша аудандық штаб жұмыс істеуде. Өткен жылдың қараша айында облыстан арнайы мамандар келіп, семинар ұйымдастырып, аудандық, ауылдық емдеу мекемелерінің басшыларын, бас  мамандарын қатыстырып, жаңа жүйенің тиімділігін тыңдаушыларға жеткізді. Қазіргі таңда мекеме-ұйымдарға, тұрғындарға осы жүйенің маңыздылығы туралы ақпарат таратылды. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігі кеңінен пайдаланылды. Барлық ауылдық округтерде, елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілді. Қысқаша айтқанда, біз қызмет көрсететін 33 елді мекендегі 39719 тұрғынның міндетті медициналық сақтандырумен қамтылуына толық негіз бар.

Осыған дейін азаматтар мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтауда ортақ жауапкершілік болмай келді. Денсаулық сақтаудағы жауапкершілік тек мемлекеттің еншісіндегі дүниедей көрініп, азаматтардың өз денсаулығына деген көзқарас тиісті деңгейде қалыптаспағаны шындық. Осындай жәйттерді есепке ала отырып, МӘМС жүйесін енгізу – өмірдің өзі тудырған қажеттілік. Ендігі кезекте әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушіге және мемлекетке жүктеледі. Қаржы шығындары да ортақ жауапкершілік қағидатымен, «мұқтаждығы аз адамдар көмекке зәру адамдарға төлейді» қағидатымен бөлінеді және осы ортақ жауапкершілік барлық сақтандырылған азаматтарға табыс пен төлем көлеміне қарамастан сапалы медициналық көмекке қажеттілікті қамтамасыз етеді.

-Халыққа медициналық көмек көр-сетудің бүгінгі деңгейі қандай?

-Жауапкершілігі зор міндетті аудан бойынша 150 төсектік аудандық аурухана, 10 ауылдық дәрігерлік емхана, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 12 медициналық пункт және аудан орталығындағы 20 төсектік, дәрігерлік амбулаториялардағы 80 төсектік күндізгі емдеу бөлімдері абыроймен атқаруда.

Соңғы жылдары бала туу деңгейі мен адамдардың өмір сүру ұзақтығы артуымен бірге созылмалы, инфекциялық емес науқас түрлері де өсу үстінде. Демек ендігі кезекте медицина мекемелерін кадрмен қамтумен қатар дәрігерлердің біліктілігін басты назарда ұстауымыз керек. Ауруханаға адам жетіскенінен келмейді. Шыбын жанына шипа іздейді, соңғы үмітін азық етеді. Араларында ауруын асқындырып, қайталап келіп жататындары да бар. 2015-2017 жылдары ауруханаға 18 дәрігер жұмысқа алынып, аудан әкімдігінің оң көзқарасы нәтижесінде 5 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.  Осы үрдіс үзілмей жалғасын тапса биыл да қатарымыздың жас мамандармен толыға түсетініне сенімім кәміл.  Бүгінгі күні жалпы алғанда ауданда 75 дәрігер жұртшылыққа сапалы әрі уақытылы медициналық қызмет көрсетіп, жүрек қалауымен қол жеткізген мамандығына адалдығынан танбай еселі еңбегімен, қажырлы қайратымен, мейірімді жүрегімен көпшіліктің ілтипатына бөлену үшін тер төгуде.

Дәрігерлеріміз жоғары технологияға негізделген медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Кейінгі жылдары қол жеткізілген офтольмологиялық құрылым, компьютерлік ЭКГ, көп функциялы УЗИ аппараты, транскрионалды доплерография, нейродиагностикалық модульді жүйелердің қатарын жүрек ауруларына арналған Кардиометр –МТ аппараты толықтырды. Бұл аппараттың науқастың жүрегін электрокардиограммаға түсіріп, тікелей аудандық кардиолог маман мен облыстық деңгейдегі мамандарға тікелей ақпарат беруге  мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бала денсаулығын нығайту мақсатында жаңа туған нәрестелердің өкпе вентиляциясына арналған жүйе алынды, хирургия бөлімі жедел ота жасау аппаратымен толықты.

Аурухана, емханаларды күрделі әрі ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлы түрде жүзеге асырылып, өткен жылы Бақалы дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл да бұл үрдіс жалғасын табатын болады.  Бізді 1988 жылы басталып, аяқталмай қалған, кейіннен қозғау салынып 96 млн. теңгеге сметалық-жобалау құжаттамасы қайта дайындалған аурухана құрылысының орнынан жылжымай  тұрғаны алаңдатады. Осы ғимаратты реконструкциялаудың жүзеге асуы бөлімдерді бір орталыққа орналастыру арқылы халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыруға оң ықпалын тигізері анық.

-Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген Ж.МАҚАТҰЛЫ.

 

Мәліметпен бөлісу: