Мейірбике – мейірлі жан

Сейсенбі күні  аудан әкімі Ерғазы Қошанбековтың қолдауымен «Мейірбике – мейірлі жан» атты мейірбикелердің теориялық және практикалық білімін жетілдіру мақсатында семинар ұйымдастырылған болатын.  Сол күні аудандық орталық ауруханада Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының бас медбикелері және Талдықорған медициналық колледжінің оқытушылары жас мамандарға шеберлік-сыныптарын өткізіп, мейірбикенің сын сағаттағы әрекеттерін нақты  іспен көрсетті.

Талдықорған медициналық колледжінің симуляциялық орталығының меңгерушісі Ляйля Оразбекова, Талдықорған медицина колледжінің мейірбике ісі жөніндегі оқытушысы Адақ Гулер жүрек пен өкпе реанимациясы, көктамырға, тері асты мен бұлшық етке жасалатын инъекция жөнінде заманауи алгоритм бойынша  медбикелердің білімдерін жетілдірді. Шеберлік дәріс нәтижесі  бойынша 40 мейірбикеге сертификат табыс етілді.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде семинар жұмысы қорытындыланды. Алдымен аудандық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаев жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді ортаға салса,  Алматы облыстық кардиология орталығының директоры Рахымберді Сұлтанбеков, Талдықорған медициналық колледжінің симуляциялық орталығының меңгерушісі  Ляйля Оразбекова, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының бас медбикесі  Динара Құрманова медбикелерге берері мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып,  өз салалары бойынша қызметті одан әрі жетілдіру туралы ойларын ортаға салды. Өңір басшысы Ерғазы Қошанбекұлы конференцияны қорытындылап, ардагер мейірбикелерге және жас мамандарға аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары мен сыйлықтарын табыс етіп, мейірлі жандардың мерейін асырды. Соңында аудан мәдениет үйінің концерттік  бағдарламасы көпшілікке ұсынылды.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: