Мемлекеттік қызметтегі әдептілік негіздері

“100 нақты қадам” Ұлт Жоспарының 12-қадамын жүзеге асыру аясында, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі әзірленіп, бекітілді және оны әрбір мемлекеттік қызметші басшылыққа алуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілер қоғам алдында мемлекеттің тұлғасы болғандықтан, аталған кодекс, ең алдымен, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға бағытталған, кодексте мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары, қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық, сондай-ақ көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу стандарттары тікелей айқындалған. Қоғамдық пікір көрсеткіштерінің бірі қызметтен тыс уақытта, оның ішінде қоғамдық орындарда олардың мінез-құлқы болып табылатыны құпия емес. Осыған байланысты, қызметтік әдеп қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс. Сонымен қатар, Әдеп кодексі жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларының басқа да тараптарын қамтиды. Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер іскерлік әдепті, ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Осылайша мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Т. Кенжебеков,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: