Міндеттер айқындалып, жауапкершілік жүктелді

Сондай-ақ Елбасымыз Жолдауда «Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады. Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз» деген болатын. Міне, осындай зор жауапкершілік жүктейтін жолдау аясында іске асырылатын нақты міндеттерді нақтылау әрі оларды жүзеге асыру жолдарын белгілеу мақсатында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ауқымды басқосу болып өтті. Отырысқа қала, ауылдық округ әкімдері, мекеме-бөлім басшылары, дәрігерлер, ұстаздар қауымы, аудан ардагерлері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, сан сала өкілдері қатысып жолдау жақсылығына ұйыды. Алғашқы сөзді аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Разбеков алып, күн тәртібіндегі келелі мәселе – ел игілігін еселеуге бағытталған басты құжат-жолдаудан туындайтын тапсырмаларды іске асыруда аудандағы атқарушы органға жүктелген зор жауапкершілікті атап өтті.

Елбасы биылғы Жолдауында келер жылды жастар жылы деп атауды ұсынған болатын. Мемлекет басшысының ақжолтай жаңалығы аталмыш жиында нақты көрініс тауып, көп алдында бойларында жігер ойнаған, айтар ойлары айқын, ұстанымдары ұғынықты жастар қауымы  өзіндік пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда мінбеге көтерілген Бірлік орта мектебінің мұғалімі Гүлшат Түменбаева, аудандық орталық емхана медбикесі Ақерке Құсайын, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Күбентаев өз салаларына жүктелген салмақты саралап, ортақ істі ілгерілетуге деген өзіндік үндерін қосты. Сондай-ақ сөз алған аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков Жолдауға қолдау көрсетуде аға буын өкілдерінің аянып қалмайтындығын жеткізді.

Жиынды қорытқан Марат Мелісұлы Жолдаудан желі тартқан міндеттерді орындаудағы негізгі бағыттарды белгілеп берді. Осы мақсатта білім, денсаулық, құрылыс, экономика, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық сынды

бірқатар басты салалар бойынша міндеттерді айқындап, тиісті мекеме, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Барша қазақстандықтардың оның ішінде әр отбасы, әрбір адамның әл-ауқатын одан әрі көтеруге бағытталған  жоспарлы  жолдау осылайша аудан жұртшылығы тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Ол заңды да. Өйткені аталмыш жолдау түгелдей тұрғындарымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға арналып, бақуаттылығымызды баянды етуге бағытталған.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: