Нұрлы болашақ кепілі, ел тірегі – Жастар!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биыл-ғы жастарға үндеуі, жас буынға рухани һәм келелі болашақ сыйлар құтты қадам жасаудың дуалы тілегі дер едім. Өткен аптада Астана төрінде өткен алқалы отырыста Елбасымыз жастар жылының тұсауын кесіп, кемел келешектің негізін қалаушы жастарға атқарылар жұмысқа бағыт-бағдар көрсетті, жауапкершілік жүктейтін, болашағын жарқын етер кеңестер мен маңызды шешімдер көтерді.

Осы тұста ауданымыздың саяси-қоғамдық өміріне ат салысып жүрген белсенді жас ретінде айтарым, Елбасымыздың бастамасы жастар өміріне оң өзгеріс әкеліп, еліміздің экономикалық және саяси дамуына кепіл және берік қамал боларына сенемін! Болашақ әрине ол біздікі, жастардікі, ол ұлттың ертеңі, ұлы дала ұрпақтарыныкі! Халқымыздың жастарға артар үміті мен сенімі үлкен, сол үмітті ақтайтын мәңгілік ел болатын егемен елдің жастары нұрлы болашақты өз қолдарымен жасайтындықтарына сеніміміз зор.

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деген еді Елбасы айрықша леппен. Әрине, Мемлекет басшысы елдегі жастардың болашағы үшін жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында жастарды ұмыт қалдырған емес. Спортқа жаны жақын жастарды қолдауға, білімі ұшан-теңіз өрендердің өрісін кеңейтуге барынша демеу болып келеді, соның бір көрінісі жастардың жоғары оқу орындарында оқуы үшін қосымша 20 мың грант бөлдіруі. Соның нәтижесінде қосымша 20 мың жас студент тегін білім алуда, ол дегеніміз болашақта 20 мың жас маманның, жас ұстаздар мен жас отбасының негізі қалануда деген сөз. Сондықтан, Елбасының сөзімен айтсақ, біз, жастар, Отанымызда жүзеге асырылып жатқан барлық үдерістерге айрықша іңкәрлікпен атсалысуымыз қажет! Әрине сол мақсатта жұмыс жасап, Елбасымен бірге экономикасы дамыған, мәдениеті сан мың ғасырға кеткен ұлы ел болуға бар күшімізді саламыз!

Сержан Айтақын,

Сарқан қаласы әкімі аппаратының бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: