Нағыз қазақ жігіті

«Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» КММ –нің филиалы «Сарқан ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 24 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде аудандық «Нағыз қазақ жігіті» атты жігіт сұлтаны байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – қазақтың жігіттерінің рухын көтеру, оларда біздің қазақы үрдісімізді жаңғырту. Серілер сынына аудан көлемінен білекті де жүректі 9 жігіт қатысып, мықтылықтарын танытты. Сайыста көрермендердің делебесін қоздырып, ерекше әсер берген гір көтеру кезеңі болды. Жігіттерге жанкүйерлер де ерекше қолдау білдірді. Серілер 16 келілік гір көтеріп жарысты. Бұл сайыста Құрманғазы Нұржан гір тасын 38 рет көтеріп, басқалардан басым түсті.

Сайдың тасындай сап түзеген сайыпқырандар сайыстың шарты бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Таныстыру кезеңінде жігіттердің білім, біліктілігі, сөз саптау, сөйлеу мәнері сыналды. Бұл турда шаршы топтың алдына шығып тосылғандар да болды, арыны қатты ақындар да болды. Жалпы байқау 4 кезеңнен тұрды. Сайыста жігіттердің білімі мен өнері де назардан тыс қалмады. Халқымыздың салт-дәстүрі тарихына байланысты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылардың тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне де баға берілді.Тәуелсіз елдің ұландары осылайша мықтылықтарын танытып, «Жігіт сұлтаны» деген атқа лайық екендіктерін дәлелдеді. «Шын тұлпар бәйгеде танылады» дегендей байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталды.

Жарыстың бас жүлдесін Сарқан гуманитарлық колледжінің студенті Хаметсапа Алишер иеленіп, «Жігіт сұлтаны» атағын алды. ІІ- орынға Қойлық ауылдық округінің ұланы Махмұтұлы Дидар тұрақтады.  Ал Шатырбай ауылдық округінің оқушысы Шакиров Нұржан III – орынды иеленді.

Байқау соңында жеңімпаз атанған жігіттер бағалы сыйлықтармен және диплом, алғыс хаттармен марапатталды.

А.Бекова,

жастар ресурстық орталығының маманы.

Мәліметпен бөлісу: