Наурыз айы туғанда

Көктемің келді өзіңнің,
Сызылтып тағы сиқырлы ән.
Көктемдей еді сезімің,
Ояншы, досым, ұйқыңнан,

-деп ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай композитор Мұқан ағамыз қазақша жыл басында, күн мен түннің теңелген уақытында, көктемнің тамаша лебі білініп күн шуағы көрініп табиғат қайта түлейтін тамаша кезеңде дүние есігін ашқан.Осы кезеңдерге орайластырып Мұқан Төлебаевтың мемориалды музейінде әр түрлі шаралар өткізіліп, Ұлыстын ұлы күні   – Наурыз мерекесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, ай басында ардақты аналарымыздың мейрамына орай музейде «Ана – өмір тірегі» атты танымдық шара  өткізілді. Танымдық шара барысында оқушыларды ананың еңбегін ақтауға, анаға деген сүйіспеншілікке, ананы құрметтеп, сыйлауға тәрбиелеу жайлы айтылды.

12 наурыз күні «Ғажап ғұмыр» атты тақырыпта композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 105 жыл толуына орай көрме  өткізілді. Көрменің мақсаты жерлес композиторымыздың иісі қазаққа қалдырған ұлы мұрасына құрмет көрсету және ұлы композитордың дүниежүзілік музыка өнеріндегі орасан зор рөлін ауыл халқына насихаттау болып табылды. Көрмеде аяулы композитор ағамыздың қолы тиген заттары, жазған шығармалары қойылды.

Наурыз айының ортасына таман композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты тақырыпта әдеби-сазды кеш  ұйымдастырылды. Осы шараның шымылдығын Көкжиде ауылы Ерікті орта мектебінің оқушыларының орындауындағы «Біржан-Сара» операсының айтыс сценасы ашып, көрермендердің зор ықыласына ілінді. Бұл опера өнер саласында тек қазақ совет музыкалық мәдениетінде ғана емес Одақ көлеміндегі елеулі көрініс екенін айтуға болады. «Біржан-Сара» операсының шын шебердің қолынан шыққан нақышты ой-өрнегіндей мәнерлі де, сазды әуенді де, әсерлі музыкасында халықтық үн, әуен лебі айқын сезіліп тұрады. Өйткені бұл шығарма  аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевқа Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын әперген туынды болатын. Операның негізінде Көкше өңірінің атақты ақыны Біржан сал Қожағұлұлы мен Жетісудың дарынды ақыны Сара Тастанбекқызы арасында шынында да болып өткен айтыс алынған.  Сонымен қатар кеш барысында композитордың шығармалары орындалып, арнау өлеңдері оқылды. Мұқан Төлебаев ұлттық кино өнерінде де өшпес із қалдырды. Атап көрсетер болсақ режиссер Шәкен Аймановтың «Алтын мүйіз»,  «Советтік Қазақстан», «Мы здесь живем», «Жамбыл» кинофильмдеріне музыка жазған. Сондықтан да аталған фильм-дерден үзінді ұсынылды. Сонымен қатар  1983 жылы сазгердің 70 жылдық торқалы тойында сазгер әндерінен облыстық байқаудан лауреат атанған Лепсі ауылдық емханасының ардагері Күлпән Нұрғалиқызы «Тілеуқабақ» әнін орындады. Бұдан бөлек композитордың 95-жылдық торқалы тойында құрылған «Наурыз» әжелер ансамблі Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» әнін шырқап көрермендер қошеметіне бөленді.Ұлтымыздың маңдайына басқан ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың 105 жылдық туған күніне арналған  шарамызға  атсалысып  қатысқан барлық қатысушыларға құрмет көрсетілді. Кеш соңынан Сүйінбай атындағы филармония қызметкерлеріне экскурсия жүргізілді.

 

Нұржан Ахметханов,

музейдің экскурсия жүргізушісі. 

Мәліметпен бөлісу: