Өнегелі адамдар өмірі

ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясында өзіндік терең із, мол мұра қалдырған ақиық ақынның бірі – Әділбек Абайділданов. Әділбек Абайділданов 1932 жылы 18 наурызда Алматы облысы Ақсу ауданындағы  Бақалы ауылында (қазіргі Сарқан ауданында) шаруа отбасында дүниеге келген.

1950 жылы Лепсі педучилищесін тәмәмдағаннан кейін Ақсу ауданының «Октябрь» жетіжылдық мектебінде мұғалім болып жұмыс атқарады. 1956 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Университет қабырғасында жүргенде алғашқы шығармалары, өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген ақын сол кезде ақ газет жұмысына араласқан. 1959 жылы Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу» газетінде, кейін Алматы облыстық «Жетісу» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында қызмет жасаған.

Ә.Абайділданов аударма жұмысымен де шұғылданған. Лермонтов, Блок, Иван Франко шығармаларын, орыс кеңес поэзиясының антологиясын аударуға қатысты. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Латын Америкасының ақындары» жинағынан Чилидің ХХ ғасырдағы әйгілі тұлғалары Габриэла Мистраль мен Пабло Неруданың өлеңдерін, 1976 жылы «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен жарық көрген «Николай Островский» атты кітапты (авторы Раиса Островская) аударды.

Бүгінде Сарқан ауданынында орналасқан «Сарқан ауданының тарихы музейінде» Әділбек Байзолдаұлының бірқатар шығармалары мен өмірбаяны жазылған тақташасы музей экспозициялары қатарында сақталған. Өмір де – өнер.Өнер де – өмір. Ендеше өмір мен өнерді қатар ұштастыра отырып, артына мол рухани мұра қалдырып, қыран жетер биікке көтерілген Әділбек Абайділданов – ақиық ақын. Оның өнер өлкесіндегі соқпақтары да сан тарау – өлеңдер мен дастандар жазды, шебер аударма жасады, сын, публицистика саласында да қаламын еркін сілтеді. «Ақ қайың» атты тұңғыш өлеңдер жинағымен-ақ ол өз оқырманын тапты, ал «Салтанат», «Маржан», «Құс жолы», «Жүрегімнің шұғыласы» атты жыр жинақтары Әділбектің өлең өлкесіндегі орнын бекітіп, дүлдүл ақын қатарына қосқаны мәлім. Бір сүйсінерлігі ақындық өлкеге қадам басқаннан соңғы сәтіне шейін оның жазған шығармаларынан үнемі іздену, өсу байқалады.

 М.Карибжан,

Сарқан ауданының тарихы музейінің экскурсия жүргізушісі.

Мәліметпен бөлісу: