Қоғамның қозғаушы күші

Елбасы былтыр қараша айында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.  Содан бері Үкімет Жастар жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдап, аймақтарда жоба-жоспарлар түзіліп, жастарды қоғамның қозғаушы күшіне айналдыру бағытында бағдарламалар жасалуда.

Шынтуайтына келгенде Жастар жылы бір жыл ішінде өте шығатын науқандық шара болмай, жас буынның әлеуетін бағалайтын, жастардың белсенділігін арттыруға игі ықпалын тигізетін мемлекеттік бағдарламаларға алғышарттың негізі қаланатындығына сеніміміз кәміл.

Аудандық жастар ресурстық орта-лығының хабарлауынша жыл бойы ықпалды шаралар өткізіліп, жастарды қолдау ісі барлық салада жандандырылмақшы. Өнердегі, спорт саласындағы ерекшеленген тұлғаларды жан-жақты қолдау, жаңадан кәсіп ашқан жастардың ісіне кең өріс ашу бағытында, жастар әлеуетінің әлеуметтенуі мен дамуына, оның қоғамдық өмірдің барлық салаларында бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыруға игі ықпал тигізілетін болады. Атап айтқанда білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспанамен қамту, қаржы сауаттылығын жетілдіру, құқықтық мәдениетті дамыту, дарынды жастарды қолдау, жастар арасында кәсіпкерлікті өрістету назардан тыс қалмайды.

Жастар жылы аясында жуырда «Егемен елім – ерке елім» атты тақырыппен  «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай партияның аудандық филиалы  жас ақындар байқауын ұйымдастырды. Байқауға шығармашыл жастар тарапынан 21 туынды келіп түсті.  Қазылар алқасы байқауға қатысқан барлық шығармаларды саралай келіп, жүлдегерлерді анықтады. Жас ақындар арасында топ жарып,  1 орынды Ақын Сара атындағы орта мектептің жас ұстазы   Самал Шеңгелбаева жеңіп алды. Жүлделі 2 орынды Қастер Жанарбек, 3 орынды   Мирас Дүйсенхан иеленді. Сондай-ақ тақырыпқа сай өлеңдерімен ерекшеленген  Жанат Бибосынов, Жігер Жұмагелді, Айтолқын Заманбек, Айбота Сержан, Азамат Жалын “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының  алғыс хатымен марапатталды.

Бұл Жастар жылының бастауындағы алғашқы шара болса келер айдың басында аудандық ардагерлер алқасының ұйымдастыруымен белсенді жастармен кездесу өткізіледі.  Демек, ағадан – ақыл, ініден – ізет  көрсетудің үлгі-өнегесі көпшілік назарына ұсынылады.

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: