Ойда – ақыл, бойда – қайрат, жүректе – жігер

-Аслан, бүгін оқырмандарға аталмыш жобаның мақсат-мүддесі  туралы және республикалық форумнан алған әсерің жайында әңгімелеп берудің реті келіп тұр.

-Бұл жобаға еліміздің әр аймағынан конкурс нәтижесі бойынша 3 адамнан, жалпы 48 жас іріктелініп алынды. 32 адам ҚР Парламенті Мәжілісінде, ал 16 адам мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтті. Солардың ішінде мен де  Алматы облысында өткен конкурсқа қатысып, үміткер 178 белсенді жастың ішінен іріктеліп тағылымдамаға жолдама алған болатынмын. Көп ұзамай Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжiлiсі Аппаратының «Ақпараттық-талдау бөлімінде» 2017 жылдың 16-31 қазан аралығында тағылымдамадан өттім. Тағылымдама барысында ҚР Парламенті Мәжілісі регламентімен, «Ақпараттық-талдау бөлімінің» нормативтік-құқықтық құжаттарымен таныстым. Пресс-конференция залында  ҚР Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарына, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының жұмыс тобының отырыстарына қатыстым. Бұл, әрине, мен үшін үлкен мектеп болды.

Үстіміздегі жылдың 28-29 наурыз  күндері елордамыз Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы жанындағы  «Жас Отан» жастар қанатының 4 съезі және  «Жаңа әлемге жол саламыз» атты  Республикалық жастар форумы өтті. Форумға барлық өңірлерден «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, мәслихаттардағы жас депутаттар, кәсіпкерлер, ғалымдар, белгілі спортшылар және жастардың ірі ұйымдарының лидерлерінен 2000-нан астам адам қатысты. Ал Алматы облысынан  50 делегат қатысса, Сарқан ауданынан 2 делегат сайланды. Атап айтқанда  Сарқан қала әкімі  аппаратының  жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Салимбеков Ануар Бердібекұлы екеуіміз бардық.

28 наурыз күні жастар «Конгресс» орталығында  аймақтардан келген 600-ден астам делегаттарға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында семинар-тренингтер жүргізіліп, кейін ҚР Президенті мұражайында және Назарбаев Университетінде, «Қазақстанда жасалған», «Салауатты ұрпақ», «Жаңа  инновациялық дәуірі» атты сессиялар өткізіліп, әр сессияға қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Екінші күні «Конгресс» орталығында жоғары дәрежеде төртінші «Гала-форум» съезд   өткізілді. Съезде ҚР Мемлекеттік хатшысы  Гүлшара Әбдіхалықова және ҚР Парламент депутаттары мен министрлік өкілдері түгелдей қатысты.  Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова мемлекет  басшысының Форум жастарына арналған құттықтау хатын оқып,  еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктеріне, Қазақстанның одан әрі дамуы, бірлігі және азаматтарының бақуаттылығы үшін сол табыстарымызды баянды ете түсуде ел жастарының  маңыздылығына назар аударды.

-Қазіргі таңда Сарқан ауданының статистикалық мәліметтері бойынша 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 10335 адамды (яғни, аудан тұрғындарының жалпы санынан 24,4%) құрайды, оның ішінде 6349-і ауылдық округ жастары, 3986 – і қала жастары болып тіркелген.Осы үлкен күш ел еңсесін биіктету бағытында қалай пайдаланылуда?

-Ауданымызда жастар саясатын іске асыру мақсатында  аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс атқарады. Штат саны 3 адамды құрайды. Аудан бойынша ауылдық округтерде жастар саясатын жүзеге асыратын 13 нұсқаушылар бірлігі бөлініп, бүгінгі күні әрбір округте 1 жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар ауыл жастарымен жұмыс атқаруда.

Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығының 2017 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес 10150 жас қатысқан 90-ға жуық әлеуметтік маңызы бар шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде 22 кездесу, 15 спорттық шаралар, 3 форум, 26 мәдени шаралар, 20 акция өткізілді. Ал 13 ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар жыл басынан бері жалпы саны 325 іс-шара ұйымдастырды. Аталған шаралар әлеуметтік желілерде арнайы ашылған жастар орталығының  ВК, инстаграм, фейcбук парақшаларына, аудандық газетке жарияланды.

Ауданымызда 2 жастар қоғамдық бірлестігі тіркелген, олардың ішінде аса белсендісі «Парыз» жастар қоғамдық бірлестігі. 2015 жылдан бері құрылған бірлестік мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әр түрлі бағытта 30-ға жуық ауқымды іс- шаралар ұйымдастырды. Өткен жылы аудандық жасотандықтардың тұрақты серіктесі «Парыз» Сарқан ауданының еріктілері жастар қоғамдық бірлестігі «Әлеуметтік идеялар мен жобалар» жәрмеңкесіне қатысып, Алматы облысы әкімінің 200000 теңге грант игері атанды. Аталған қаражатқа «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын ұдайы ұйымдастыру мақсатында, бірлестік волонтерларын тұрмыстық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етті. Сарқан қаласында тіркелген жалғыз басты қарттарға әлеуметтік көмек тұрақты түрде көрсетілуде. Жыл қорытындысы бойынша «Парыз» жастар қоғамдық бірлестігі облысымыздың үздік үкіметтік емес ұйымдарының қатарынан табылып, облыс әкімі Амандық Ғабассұлының 100 мың теңге сертификатына ие болды.

-Кейінгі жылдары Сарқан ауданының жастары  ауыл шаруа-шылық саласына өз үлестерін қосуда. 2016 жылы аудандық ардагерлер ұйымының бастамасына үн қосқан  жастар орталығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында 5 гектар егіндік жерге қант қызылшасын еккенін оқырмандар біледі. Осы игі іс жалғасын тапты ма?

-Өткен жылы  аудан жастарына қант қызылшасын егуге егістік жер бөліп беру туралы ұсынысымыз оңтайлы шешімін тапты. Соның нәтижесінде 2017 жылы аудан жастары 15 га жерге  қант қызылшасын екті. Егін  науқанында “Жасыл ел” бағдарламасының жұмыс маусымында 200-ге жуық жастар жұмыспен қамтылды.

Жылдан жылға біз өрісімізді кеңейтіп, өркенімізді жайып келеміз. Биыл жастарымыз Алмалы ауылдық округінде 10 гектар алқапқа,  Екіаша ауылдық округінде 6 гектар алқапқа қызылша егуді жоспарлап отыр. Бұл үшін алғышарттар жүзеге асырылуда.

-Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз болып тіргелген жастардың саны 2016 жылы 287  жас болса, 2017 жылы 216 жас. Яғни, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайыздан 2,9 пайызға төмендеп отыр. Ал аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметі бойынша 14-29 жас аралығындағы жастардың қатысуымен болған қылмыстар саны да азайған екен. Жастар ресурсы орталығы тарапынан жұмыссыздықты, қылмысты азайтуға нақты қандай шаралар қолданылуда?

-Жастар арасындағы орта және кіші кәсіпкерлікті қолдау мақсатында республикалық «Zhasproject» әлеуметтік жобалары арқылы аудан жастары 7 млн. теңге грант иегерлері атанды. Жоба бойынша 21 маргиналды жас 5 ай көлемінде 60000 теңге құрайтын шәкіртақы алып отырды. Сонымен қатар жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 жасқа  6 млн.  теңге көлемінде  несие берілді.

Сарқан ауданы бойынша жастар арасындағы талдаудың нәтижесінде дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанған жастар Сарқан қаласы және Лепсі ауылдық округінде анықталған болатын.  Жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша «Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығы» Лепсі ауылына “Жасыл Ел” бағдарламасы аясында 20 (жиырма) жасты жазғы маусымдық жұмысқа қабылдады. Олардың ішінде дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын 4 (төрт) жас жұмысқа орналастырылды. Ал жоғары аталып өткен «Zhasproject» әлеуметтік жобалар бойынша  дәстүрлі емес діни ағымда тіркелген  3 (үш) жасқа жастар орталығы тарапынан жобаға өтініш білдіру жұмыстарына көмек көрсетілді. Жоба қорытындысы бойынша жастар 1 млн. теңге көлемінде грант игерлері атанып, өз істерін жүзеге асыруды қолға алуда.

Сарқан ауданы бойынша жастар орталығы, аудан, ауыл имамдары бірлесіп, жастар арасында  діни сауаттылықты арттыру бағыты бойынша түрлі форматта (конференция, кездесу, дөңгелек үстел, деректі фильмдер көрсетілімі) насихаттық жұмыстар ұдайы жүргізілуде.

Өткен жылы аудан жастарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылысы жүріп жатқан аудандық мәдениет үйінің жертөлесінен жастарға арналған тегін аула клубын ашуға ынта білдірдік. Тиісті құжаттарды рәсімдеп, «Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ-не сұраныс жіберілген болатын. Нәтижесінде 2017 жылдың 15 желтоқсан күні облыс әкімі аудан жастарының ұсынысын мақұлдап, облыстық бюджеттен аула клубқа 7 млн. теңге бөлінді. Жастарға арналған аула клубының жұмысы  2018 жылы жүзеге асуы жоспарлануда.

«Тұлпары озған елдің, тайы да озады» демекші, ел ағаларының жеткен жетістіктерін жалғастыру, елдің табысын одан әрі еселеу –жастардың міндеті. Біз, жастар, бойымызда қайрат, ойымызда ақыл, жүрегімізде жігер барда еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерді орындауға әрқашан дайынбыз!

 

Сұхбаттасқан Жомарт Игіман.

Мәліметпен бөлісу: