Қош келдің, Жаңа жыл!

Дәстүрлі әкім шыршасы Н.Островский атындағы орта мектепте өтіп, ауданның балғын жеткіншектерінің басын қосты. Балалар жасыл шыршаны айнала әсем әнмен, құйқылжыған күймен, мың бұралған бимен көтеріңкі көңіл-күйлерін паш етіп, Жаңа жылды қарсы алуға орталарына ескі жылды шақырды. Аудан әкімінің орынбасары Арман Мұханов шыршаға жиналған бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап сөз сөйлеп, осынау қуанышты асыға күткен балдырғандармен бірге мерейлі мерекенің думанды ертеңгілігін тамашалады. Өнерлі балалар бойларындағы қабілет-дарындарын ортаға салды. Алғашқы болып өнерін көрсеткен Республикалық, Халықаралық байқаулардың лауреаты Амина Қалыбайдың орындауындағы “Жаңа жыл”, балалар шығармашылық үйінің Мансұр Аманғали, Ботакөз Нұрали, Шұғыла Нұрболатқызы сынды өнерлі өрендерінің әндері шырша мерекесінің шаттығын еселеді. Жылдар бойы балалардың санасына енген ертегі кейіпкерлері де балаларға базарлық ретінде ортаның сәнін келтіріп, шырша мерекесінің қуанышына ортақтасты. Сол күні қызықты, тартымды ойын да болды, мазмұнды, мағыналы өлең-тақпақтар оқылды, өнердің сан түрін бойларына жинақтаған дарынды шәкірттердің барлығы да мереке думанын қыздыруға үлестерін қосты. Асулармен алысқан, асау желмен жарысқан Аяз ата шаршап-шалдыққанын білдірмей балаларға дәмді сыйлықтарын ұсынды. Ақшақардың демеуімен балғындардың өнерін тамашалаған Аяз атаның батасы да ортаның шырайын ашты.

 

Шыршаға жиналған балдыр-ғандар аудан әкімінің сыйлығын алып, төбелері көкке жетсе, “Ар бол, Жаңа жыл, бар бол, Жаңа жыл, Қадамың құтты болсын, Бейбітшілік жылы бол, Құт-береке жылы бол” деген ізгі тілектер көпшіліктің көкейінде тұрды.

Өз тілшіміз.

 

 

Мәліметпен бөлісу: