Пресс тур «Сакралды Сарқан»

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы және “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасын жүзеге асыру аясында Сарқан ауданындағы тарихи-мәдени және рухани орындарға шілде айының 22-26 күндері аралығында арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.

Рухани шараның басты мақсаты – кесене, қалашық тарихымен таныстыру, насихаттау жəне мол тарих пен құнды деректерге бай мекеннің қадір-қасиетін барынша ашып көрсету, сондай-ақ тарихи киелі жерлерімізді сақтап қалу, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, туризмді дамыту болып табылады. Осы орайда, Әулиетас, Тамшыбұлақ, Қарауылтөбе және Әулие Көтен Тәуіп кесенесіне,  ортағасырлық Қойлық қалашығына арнайы барып, тарихы  жайында да мол мағлұматтар берілді. Шараға ауыл ақсақалдары, тарихшылар, жастар, блогерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ұлы қазақ даласында рухани құндылықтардың негізі бола алатын мәдени-тарихи мұра өте көп. Олардың елімізде насихатталуы қоғамның рухани жаңғыруына жол ашады. Біздің тарихымыздағы қасиетті орындардың бірі – Қойлық қалашығы.

Қалашық X және  XIII ғ. басындағы деректерде қарлық жабғуларының астанасы (ХI-ХII ғ.) кейін Шағатайлықтардың (ХIII-ХIV ғ.) аса ірі саяси-мәдени экономикалық орталығы болғандығы ретінде белгілі. Сондай-ақ саяхатшылардың қолжазбалары мен археологиялық табылған заттардан – VIII-XIV ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің  нысандарын, христиан шіркеуі, будда мен манихей храмдарын тани аламыз. Орта ғасырларда Қойлық қалашығы Жетісудың  аса ірі-сауда-қолөнер және мәдениет орталығы болды.

Ақсүйектер мекені-сарай кешені, сән-салтанаты үйлескен бай мекенжайлар, қыштан жасалынған су құбыры, жер асты жылу қазандығы бар үлкен қоғамдық монша отырықшылдық дәуірінің айқын көрінісі.

Қала биіктігі 4 метрдей қамалмен айнала қоршалған. Қабырғалары 1200 метрге дейін аумақты алып жатыр.

Мешіт қаланың дәл орталығына салынған. Қазба жұмыстары кезінде анықталғандай, бұл ғимараттың өлшемі 38 де 32 метр, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылған. Мешітке кірер тұсы солтүстік-шығыста, ал керісінше, оңтүстік-батыс қабырғасының ортасында қасиетті қала Меккеге бағытталған, күйдірілген кірпіштен өрілген михраб тұрғызылған. Ғимараттың қабырғасы өлшемі 36 да 18 сантиметр төрт кірпішпен қаланған, қалыңдығы 1,7-2 метр және биіктігі 2 метрге дейін сақталған. Қабырғалар ішінен сыланып және ақталған, ал сылақтың астынан кән ошақпен жалғанған, бұл жүйе бойынша түтін және ыстық ауа айналып отырған.

Қаланың солтүстік-шығыс қақ-пасындағы, ХІІ ғасырдағы, ХІІІ ғасырдың басындағы мавзолейлер кешені (2004 жылы қазба жұмыстары кезінде табылған екі мавзолей), аймаққа исламның ерте енуінің белгісі бола алады. Қойлықта әзірше екі мавзолей қазылған: бұлар батыстық және көрші шығыстық үлгідегі күйдірілген кірпіштен қаланған ежелгі мұра. Мавзолейден табылған заттар арасынан плиталардың көптеген бөліктерін, геометриялық және жануарлар әлемі кескіндерімен және араб жазуымен өрнектелген экспонаттарды ерекше атауға болады.

Тағы бір нысан қаланың оңтүстік қабырғасына жақын орналасқан және батыстан моншаға тірелетін, 2004 жылы аршу жұмыстары кезінде табылған қонақ күту залы. Ғимараттың өлшемі 15х11 метр, бөлменікі 11,2х8,4 метр. Қалың қабырғалар сыланған және ақталған, биіктігі 60-70 сантиметрге дейін сақталған. Залға енерде үлкен тастардан қаланған сыртқы дәліз көзге шалынады. Ар жағында солтүстіктен шығысқа қарай өткен көше жатыр.        

Табылған заттардан сұр түсті бүтін керамикалық құмыраны, дөңгелек он үш қырлы люстраны (диаметрі 43 сантиметр, биіктігі 21 сантиметр) атап өтуге болады.

Әулиетас – жақпар тастың бұл жерге адам қолымен емес Жаратылыстың құдіретімен орын тепкені анық. Әулиетас-бір жағына сәл қисайып тұрған құж жартастың тіреуі. Ол да әдейі келіп ұстын діңгегі ретінде қойылған жартас бағана. Ұстын мен жақпар тастың арасы күні кеше ғана орналастырылғандай біте қайнасып кете қоймаған. Жолбасшы орманшылар осы алып жартастың үстінде табиғи тас бесік барлығын әңгімелеп берді.  Ал Әулие тастың үстіне неге шығып көрмеске, деген ой да туатын шығар?! Тас өте биік, әрі жұмыр. Өзеннің бастау алатын жерінде тұрған тасқа қатысты өзенді де Әулие атаған болар…

Үлкен Басқан мен Кіші Басқанның ортасына кішігірім Әулие атты өзен ағады, ол да Басқан өзеніне құяды. Ал өзеннің «Әулие» атауы туралы ел аузында мынандай аңыз бар.

Өзеннің бастау алатын маңында үлкен қара жартас бар, айналасында басқа тастар кезікпейді. Халық бұл тас-ты қасиеттеп Әулие тас деп атайды. Оның себебі, бағзы замандарда осы жерді үлкен әулие мекендепті. Сол адам өтіп бара жатып, аллаға тәуіп етіп, намаз оқыған екен. Намазын сол тастың үстіне оқыпты. Жұрттың айтуы бойынша  тастың үстіне Әулие бас ұрғанда маңдайының, екі қолының, екі тізесінің, екі аяғының ізі тасқа қалған көрінеді-міс.

Қарауылтөбе-Шығысында Алакөл ауданы, батысында Қаратал ауданына дейінгі аралықты алып жатқан ұлан-байтақ өңірді шолып шығуға мүмкіндік беретін биік төбе.  Сақтар  дәуірінен қалған қорған.  Жоңғар шапқыншылығы кезінде сарбаздарға  от жағып белгі берілген төбе, сол себепті Қарауылтөбе аталған. Жаугершілік заманда әскери бақылау орнының қызметін атқарған Қарауылтөбенің қорым екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдепті. Соған орай төбенің қақ ортасы темір қоршаумен қоршалып, бейітке қойылғандардың мазасын алмау ойластырылған. Марқұмға деген құрметтің қазақы үлгісі осындай болса керек-ті.

Жаугершілік заманның белгісіндей болған Қарауылтөбе өскелең ұрпаққа дәріптеуге лайықты орын деуге болады.

Әулие Көтен Тәуіп Кесенесі- Көтен тәуіп, Жалаңаш әулие, Өрістік әулие  (1709 ж.ш.-1810) – Жетісу өңіріне белгілі емші, көріпкел болған. Ел аузындағы әңгімелерде Абылай ханның үш әулиесінің бірі-осы Көтен тәуіп делінеді. Кезінде әйгілі Бөгенбай батырдың жау найзасынан болған ауыр жарақатын Көтен тәуіп емдеп жазған. 1994 жылы әулие атаның үш ғасырлық мерей тойына байланысты кесене тұрғызылды.

Көтен Тәуіп Қоңырбайұлына бойындағы емшілікпен қатар көріпкелдік қасиеті ана сүтінен дарыған екен. Сондықтан өсе келе бабамыздың қасиетін білген ел-жұрты «әулие» деген атау тағып айтатын болған. Көтен Тәуіп әулие шапқыншылық уақытында Қаракерей Қабанбайдың әскерінде болып жарақаттанған әскерлердің жарасын емдеп, таңып, сынған аяқ-қолдарын салып емшілікпен айналысқан.

Тамшыбұлақ – Ол жердің сұлулығы байырғы қазақ қызындай қарапайым да әсем, саф таза ауасы бір жұтқанда өне бойыңа қазақтың батыр серілерінің күшін дарытардай, ал ең бастысы Тамшыбұлақтың мөлдір таза суы денеңді бар кемшілігінен босатқандай әсер қалдырады. Таудан тамшылаған бұл шипалы су пайда болғалы талайлардың дерттеріне ем болған. Шынымен-ақ солай екен. Ішкен адамға ерекше бір тазалығымен, мөлдірлігімен, оған қоса ағзаға барлық жағынан жасарып, жақсы жұмыс істеуіне қосымша бір күш береді екен.  Аңыз бойынша бұл тамшылар сонау замандағы қосылмай, арманда кеткен қос ғашықтың төгілген көз жасы екен. Расымен де, қарап тұрсақ бұл маңда тылсым бір қасиет бардай. Тастың астынан сол бір ғашықтардың көз жасы моншақтап төгіліп тұрған сияқты көрінеді, ол судың мөлдірлігі осы ғашықтардың пәк сезіміндей таза, алайда оларға көз жасын төксе де еш пайдасы болмаған еді. Бұл судың тамшылары әр түрлі дерттерге шипа болады. Қазіргі таңда бұл бұлаққа жердің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келуде. Біз өз жерімізде осындай бұлақ барын айтып мақтана, аламыз.

Сарқан-Ақпарат.

Мәліметпен бөлісу: