Пушкин шығармасы – ауыл сахнасында

Алматы облыстық Достық үйіндегі орыс ұлттық-мәдени орталығының ұйымдастыруымен өткен сенбіде Қойлық ауылындағы К.Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде А.С.Пушкиннің “Евгений Онегин” романы сахналанды. Спектакльдің басталуын асыға күткен көрермендер алдына Қойлық ауылдық округінің әкімі Мейрам Макетов, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің өкілі Переверзева Ирина Владимировна шығып, екі ел арасындағы байланысты нығайту бағытындағы мәдени шараның маңыздылығына тоқталды.

31

Қазақ оқырмандары ұлы Абайдың аудармалары арқылы Евгений Онегин мен Татьяна Ларинаның махаббат хикаясымен жақсы таныс. Тіпті “Татьянаның хаты” қазақ даласына ән болып таралғаны белгілі. Ал Вата театрының актрисасы Вероника Настальская болса бір өзі бүкіл театрдың жүгін көтеріп, ұзақ-сонар махаббат дастанын көрермендер көкейіне ұялатты. Көрермендермен тікелей сұхбаттасып, араласып жүріп актриса ғасырлар өтсе де ұмытылмаған классикалық туынды кейіпкерлерінің образдарын бір өзі сомдап, жиналған қауымды бір жылатып, бір күлдіре білді. Шынтуайтына келгенде Қойлық тұрғындары сол күні ұлы Пушкин сөзінің құдіреттілігін қайта сезінді.

Ж.Мақатұлы.

Мәліметпен бөлісу: