Рүстем” тойханасы – ел игілігіне

Жаңа жыл жағымды жаңалықпен басталды. Амангелді ауылдық округінде жеке кәсіпкер Бақтыбала Уәлиқызы ауыл халқына арнап «Рүстем» тойханасын ел игілігіне ұсынды.

-Амангелді ауылдық округіне қарасты үш ауылда бірде-бір тойхана жоқ,-дейді Бақтыбала Уәлиқызы. -Округ тұрғындары той жасап, ас беру үшін автобус жалдап Сарқан қаласына баратын, не болмаса қыстың қақаған суығында, жаздың шіліңгір ыстығында палатка құрып сонда өткізетін. Осындай жағдайларды көре тұрып бос тұрған ғимаратты халық игілігі үшін пайдалануға бел будым. Сол ойдың жетегімен ауылдың орталығындағы әбден ескірген ғимаратты ретке келтіріп тойхана ашып отырмын.

Тойхананың ашылу рәсіміне Амангелді ауылдық округінің әкімі Ерлан Абилбеков қатысып, жаңа ұжымның жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жеке кәсіпкер 200 адамға арналған тойхананың арқасында 10 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар Бақтыбала Уәлиқызы аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларын тегін ыстық тамақпен қамтымақ.

Кіндік қаны тамған ауылының гүлденуі жолында тер төккен азаматтарға жергілікті тұрғындар ризашылығын білдіріп, ақ тілектерін жолдады.

А.Омаров,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: