Құрбан айт мейрамы құтты болсын! Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды ислам әлемінің ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Бұл – егемен еліміздің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын айрықша мейрам. Биыл мерекенің алғашқы күні тамыз айының 11-жұлдызына сәйкес келіп тұр. Жалпы аталмыш мерекенің басты рәсімі – Құрбан шалу пендені шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады.

Құрбан айт таңы атысымен-ақ исі мұсылман баласы ғұсыл құйынғаннан кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, айт намазын оқу үшін мешітке барады. Намаз аяқталған соң Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, “Айт құтты болсын!” айтысады. Төл дініміздің басты мұраты – жамандыққа жол бермей, бүкіл адамзатқа тек жақсылық тілеу. Осы ұлағатты жолды халқымыз ұлттық дәстүрімен  ғасырлар бойы ұстанып келеді. Қасиетті Отанымыздың басты байлығы – ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім. Көпэтносты біздің өңіріміз де Құрбан айтты ынтымақ-ықыласпен қарсы алып отыр.

Құрметті мұсылман қауым! Алла тағала баршамыздың айттан айтқа аман жетуімізді жазсын, ағайын! Келешегімізді кемел, жүзімізді жарқын етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, бауырымыз бүтін болсын! Құрбан айт мүбәрак болсын! Айт намазы 11 тамыз күні сағат 07.00-де оқылады.

Серікбек Асқар,

Сарқан ауданының бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: