Ұрпақтар сабақтастығы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген басты мәселелердің бірі – ұлттық код, ұлттық ерекшелік, ұлттық құндылықтар екендігі белгілі.  Бүгінгі күні  ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу біздің борышымыз. Бұл борышты орындауда қаламын қару еткен жазушыларымыздың орны ерекше. Өйткені олар өз туындыларында бірде қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді әшкере етсе, бірде келелі оқиғаларды дүйім жұртқа үлгі ретінде ұсынады.

Сондай қаламгерлер қатарында болған, Талдықорған өңірінен шыққан талантты жазушы, ақын, саясаткер, жерлесіміз Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» романының кейіпкерлері Нашен ата, Мұқатай ата және Сыдық аталарымыздың ұрпақтарымен К.Қазыбаев атындағы орта мектебінде кездесу  ұйымдастырылды. Кездесуге М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Абдибаев Берік ағамыз, К.Қазыбаев атындағы орта мектебінің ағылшын пәнінің мұғалімі Нашенова Назгуль және Бақалы ауылы емханасының медбикесі Сыдыкова Сабира апайларымыз келді. 

Кездесу барысында жоғарыда аталған романдағы кейіпкерлердің ұрпақтары аталарының «Ызғар» романының басты кейіпкерлері болу себебі талқыланды, кітаптың жазылу тарихы мен себебі, романның негізі тақырыбы және де басты кейіпкерлері, Кәкімжан ағамыз жайлы, өмірі мен қызметі өз Отаны мен халқына жасаған ерен еңбегі жайлы сөз қозғалды. Оқушылар тарапынан кеш қонақтарына кездесу тақырыбы барсында туындаған сауалдар қойылды. Кездесу кешінен шабыттанған Берік ағамыз Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Туған жер» әнін мектеп оқушыларымен бірге орындады. Кездесу соңында мектеп басшысы Данекеров Еркін  және қонақтар сөз алып, оқушыларға тілектерін, жылы лебіздерін білдірді.  К.Қазыбаев сынды мемлекет және қоғам қайраткері, жазушының өз ауылынан шыққанын мақтан тұтатын оқушылардың өмірде өзіндік із қалдырған ерекше тұлғаны әрдайым үлгі тұтып, құрметтей білетініне сенімім мол.

Е.Молдажанов,

К. Қазыбаев атындағы орта мектебінің тарих және география пәнінің мұғалімі. 

Мәліметпен бөлісу: