Рухани орталығы Түркі елінің

Шешілмей мен несіне тартынамын,
Арқаның ажары боп жарқырадың.
Төрдегі киелім сен біле білсең.
Беу менің, қасиетті бойтұмарым!

Көсілмей мен несіне іркілемін,
Есілдей еркіндеймін, сілкінемін.
Астанам, өзіңді аңсап келген жанға,
Жайылған дастархандай гүл-кілемің.

Сұлулық сайысында жарысқандай,
Көшелер көріктенді қалыс қалмай.
Аспанмен таласады ғимаратың,
Қалайша тұра аламын шабыттанбай.

Сұлудың Есіл өзен алқасындай,
Бастайды ғажайыпқа жол тосылмай.
Көріп пе ең үйлесімді үлгілерді,
«Думандай», «Бәйтеректей», «Хан Шатырдай».

Астанам-ару қалам танымалы,
Өзіңе көрген адам табынады.
«ЭКСПО» күні кеше төріңде өтті,
Шетелдік алыс-жақын ағылады.

Жұлдызды шаһарым сен осы елдегі,
Нар жүгі Елбасының көтергені.
Атыңды кең жаһанға жая алмасам,
Ақын боп жаралғаным бекер ме еді.

Өркенді өзгеріспен өсем мен де,
Өтті рас дауылдар да, нөсерлер де.
Бабамның басты арманы орындалды,
Ұрпағы Ақ Орданы көтергенде.

Ордаңнан талапты жас жиған білім,
Осында қылықты қыз, иманды ұлың.
Астанам, азанменен оянасың,
Қауымға алты мешіт құйған нұрын.

Астанам, болмысыңда үлкен ұғым,
Өзіңде Тоныкөгім, Күлтегінім.
Әлемге он бес жылда әйгілендің,
Рухани орталығы Түркі елінің.

Құт қонған Астанамсың бақ дарыған,
Шығатын шетелдіктің талғамынан.
Табаным тиген сәтте тағлым алғам,
Қаланың бас қақпасы-вокзалынан.

Жырлаудан сені қалай жалығайын,
Жат қазір қазағыма сары уайым.
Теміржол, автожол ма, әуежол ма,
Сапарға шығам десең бәрі дайын.

Көрікті ой жүзеге асып көңілдегі,
Жетелер алға қарай сенім мені.
Құрылыс құлаш жайды, бас қаламның,
Желі де өрекпімей жеңілгені.

Төрдегі, беу Астанам, киелім сен,
Азаттық, дербестіктің жыры едің сен.
Ақ Ордам бағзы кездей еңселендің,
Ежелден тілегім сен, тірегім сен.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: