Сағындырған Суықты-Сарымсақты

Заманында жарты әлемді билеген, беделі бейбітшілік пен бірлікке қызмет еткен  Кеңестер Одағы аталған алпауыт мемлекет құрамында өмір сүрдік.   Бұл елдегі  үш жүз миллионға жуық  халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі ауылшаруашылығы қызметкерлеріне үлкен  міндеттер жүктейтін. Алып экономиканы дамыту мақсатында бесжылдық жоспарлар қабылданып, халық  мүддесіне қызмет етер «ұрандар» қабылданатын. Міне, кезінде осындай ұранға үн қосқан біздің ауылдың  еңбеккерлерінің   абыроймен атқарылған істері – үлкен жетістіктер мен жігерлі жеңістерге бастады.

Дүрілдеген атағы жер жарып, республика көлемінде “миллионер” аталған бұрынғы  М.Горький атындағы  шаруашылықтың төрт түлігінің ішінде қой санының өзі қырық екі мыңға жетті. Дархан даланың  сәнін келтірген үйір-үйір жылқылар, маң-маң басқан түйелер мен мүйізді ірі қараның саны да ауыз толтырып айтуға лайық еді.

Осы төскей толы қыруар малға ие болып,  алты ай қысы арпалыспен өтетін малшы қауымның айрықша аңсайтын, тағаты таусыла тосатын уақыты бар.   Ол көктемде мал төлдетіп, қырқым науқанындағы жоспарын ойдағыдай орындап, жазы жанды жадырататын “Суықты-Сарымсақты” жайлауына қарай көш түзейтін мезгіл. Жаздың екі айдан артығын жайлауда өткізу – малшы қауымына   санатория мен курорттарда демалғаннан артық әсер беретін.

Қытымыр қыстың қарлы бораны мен үскірік аязды күндерінде ширатыла жұқарған жүйке босаңсып, қалжыраған денеге  қуат қосылып, толығып та шыңдалып та қалатын осы кезең. Сол себепті, шопандар мен малшылар арасында  бұл керемет уақытты шыдамсыздана күтпейтін жан болмайтын.  Әр үйдің үлкендерінің айырықша әзірленетін әрекеттері мамыр айында басталып кетеді. Қолы шебер аталарымыз бен ағаларымыз отбасы мүшелерінің ер-тұрмандарын, тоқым, терлік, өмілдірік-құйысқан, ноқта-жүген, тізгін-шылбырларына дейін мұқият жөндеуден өткізеді.

     Алғаш тай мінетін балаларға арналған ер-тоқымдар айрықша әспеттеледі. Қолға ұсталатын тобылғы сапты, төрт немесе алты өрімді дырау қамшылар дайындалады. Мал айдағанда ұстайтын бишіктер, жүк артатын түйелерге арналған ноқта бұйдаларды әзірлеу  өз алдына бір  шаруа.

Алдыңғы қасын жезбен, не әртүрлі жарқырауық таспен әшекейлеген үлкендердің ер-тоқымдары аталар қолынан өтіп, қалтқысыз тексеріске түседі.  Әжелер мен апалардың әзірлігі аталар әрекетінен артық болмаса, кем түспейді. Баз біреулер қазақ үйлерін қамдаса, екіншілері жайлауға  қоспен шығады. Жайлау жауын-шашыны көп, нөсерлі маусым болғандықтан, туырлықтар мен киіздер  қалың әрі мықты болуы шарт.

Қос үйдің уықтары жас баланың білегіндей түзу қарағай, қайың ағаштарынан таңдап алынады. Шаңырақтың шеңбері үлкен болса, қос үй соғұрлым кең шығады, олар  төзімді қайың ағашынан кептіріліп жасалса, тіпті керемет. Жерге төселетін текемет, алаша, отбасы мүшелерінің бәріне жетерлік көрпе-жастық, тұсқа құрылатын жеңіл кілемшелер тағы бір қатаң тексерістен өтеді. Ыдыс-аяқ кебежесі, киім-кешек салатын үлкен қап-сөмке, тағы басқа керек-жарақтарды сұрыптау – әжелер әзірлігіне кіретін дүниелер.

Дайындық аяқталып, дамыл тапқанда көшетін күн белгіленіп, мініс жылқылары, жүк артатын түйелер үлестіріліп, жұрт соңғы әзірлікке қамданады. Бөлімше басшылары белгілеген күні таңертеңнен бастап үйлер жығылып, теңдер түйіліп, жүк арту жұмыстары орындалады.   Ұзақ жолда түйенің бел арқаны босап кетсе, артылған жүк бір жағына ауып қалу қаупі туындауы мүмкін. Екі-үш түйеге жүк артып, үстіне бары кілем, жоғы түрлі-түсті алаша жапқан ілек әзір болғанда, жасы үлкен қариялар бастаған ұзақ-сонар көш жолға шығады.

Көш басында ауыл ақсақалдары. Бастарына кимешек киген әжелер, жаулық салған аналар әрқашан да көштің көркі. Үлде мен бүлдеге оранбаса да, барларын байыппен бағалай білген шешелеріміз түйелер тізбегін бас жіппен білектеріне іліп, сән салтанатымен жайлауға қарай сап түзейтін.  Барын киген, ашамай мінген балалар базары көшке көрік беріп, көңіл күйдің көкжиегін аспанға ататын. Отар алдында шопан, артында мал айдаған  ересек балалар.  Жалпы жайлауға  жиырма күннен артық уақыт жүріп, көшіп барады. Көші-қон тоқтайтын, қонатын, еру болатын орындар бұрыннан белгілі.   

Негізінен, Көктеректің  көш жолы сызбасы төмендегіше болатын: ауылдан шыға қонатын жер Стамбек – Фрунзе көпірі – Тесбақан- Көк иірім – Ағарту – Ащыбұлақ – Қарасай – Мыңбұлақ – Қарала көпір – Бөлекбай – Жекепар – Ерші сайы.

Келесі тоқтайтын, қонатын орын жайлаудағы жұрттар. Көшіп келе жатқанда үш елді мекенде Бақалы, Ағарту, Антоновкада ағайын-туыстардың  керемет кездесулері өтеді.   Бір бірін көрмегендеріне жылдан асқан ағайындар бауырларын айырықша сағынады, армандап  аңсайды. Мұндайда бір малдың басы бабымен пісіп, дастархан төрінен орын алады. Барымен базарлап үйренген туыстардың  тарту-таралғысында татулықтың табы көзге ұрып тұрушы еді.  

«Арап сайды» өрлей көшкенде, жанынан жуық өтетін  Антоновка колхозының  орналасқан жері – Жаратқан иемнің  жарылқаған орны. Жеміс-жидек пен көкөністің өспейтін  түрі жоқ. Тұрғындарының тамсандыра жасамайтын, қолдарынан келмейтін ас-сулары, тағамдары  болмайды, қысқасы,  мұнда  жаныңа не қажеттің бәрі бар. Осы жерден Көктеректе көрмейтін алма түрлері, жеміс-жидектер, көкөністер, сусындар түрлерін қанжығаларына  бөктеріп, жастар мен балалар одан ары мал  айдауға кетеді. Әке-шешелері қонар орынға жетіп, уақытша итарқа тігіп, оларға тамақтарын әзірлеп, ағайындары бастарын қосып, қонаққа келеді.

Шаршап-шалдығып жүрген малшылар үшін бұл бір үлкен демалыс, бой сергіту болады. Ертең еру, яғни демалыс, көшу жоқ.  Ағайындарынан әдемі көңіл-күймен қайтқан ата-аналарымыз жылына бір рет осылайша жасап, жадырап қалады.

Әсілі, ауылдан шығып, жата-жастана көшкен ел Бөлекбайға дейін еш қиналыссыз, қапысыз қамданып  жүреді. «Асуға» алқымдай келген ағайындар Аллаһтан ауа райының ашық болғанын тілейді. Жауын-шашынсыз кезде «Асудан» асып алғанды аңсайды. Тырс етіп жауын жауса болды, ақпа балшыққа айналатын Бөлекбай тігі өткел бермейді.

«Жекепарға» жетсең аржағында  қол созым жерде соқпақ, жайлау жұртына лып ете қаласың. Жайлау демекші, Суықты-Сарымсақтыны сағынатындар тек адамдар ғана емес сияқты, сақа саулықтар, егде ешкілер, кәрі мініс жылқылары мен сиырлар, жасы үлкен ойсыл қара түлігі жайлауға жақындағанда бастарын жерге салып бір уыс шөп үзбей, қатты аяңмен, кейде сар желіп  «өз жұртына» қарай тоқтамай салып отыратынын көргенде, таң қалатынбыз.

Қайран, мал екеш мал да өзінің жазғы жұрты мен жайлауын сағынады екен ғой… Қайрақтыдан шыға көшіп, қонысқа жеткенше қой малын айдамаса да болады. Серкелер мен саулықтар жылда үйренген ескі қора орнына өздері-ақ келіп,  жусап, аунап-қунап сағыныштарын басып жатады.  Қозы-лақтар тастан тасқа секіріп ойнақ салса, қой-ешкілер тұмадан шөл қандырып, солықтарын баса алмай  үйездеп жатады. Бұрын естімеген суырлар айқайынан елеңдеген құлын-тайлар ары-бері шапқыласып  әуре, олар суырлар мен саршұнақтарға одырая, үрке қарайды.

Иен даланы еркін жайлап қалған тышқандар, саршұнақтар мен суырлар  сабырсыздана өзара сапырылысуда.  Ел келген соң, еркінсіген еліктер, тау ешкілері,  қутыңдаған түлкілер мен жоны күдірейген арландар, маймаңдаған аюлар  жота асып, ен далаға қашып әуре-сарсаң. Тек қана, қыран бүркіттер көз ұшында қалықтап, бәрін көк аспанның аясынан маңғаздана бақылауда. Майға бөккен борсықтар арша арасындағы өздеріне ғана аян індеріне тығылуда.

Екі аяқты адамдардың мына бос жатқан жайлауға баса-көктеп  келгеніне жабайы жануарлар мен түз тағыларының аса риза еместігі бірден көзге шалынады. Табиғаттағы тіршілік иелерінің тірлігі тарылды, өрісі өзгеріп, құз, жартастарға жасырынуды әдетке айналдырады.

Сонымен не керек, жайлауға жайғасып, малшы қауым бес-он күн демалып, малды өріске, жайылымға жайғастырып, сабасына түскенше, темір сымнан тоқылған «сетка қоралар» құрылып, есігіне иткірмес қойылады. Қатты жауған жайлаудың жауыны кезінде мал ықтасын іздеп, тоз-тозы шығып кетеді. Бөлек-бөлек бөлініп кетсе, басын құрау тіптен мүмкін емес, сондықтан сым темір сетканың атқарар қызметі керемет.

Жайлау тірлігіне түбегейлі үйренген соң, ағайын арасында қуанышты, жақсылықты қызықтау сәттері басталады. Бұл жайлау жағалаған жұрттардың жүрегінде жүретін, ағайынға айғақтап беретін кішігірім қуаныштың белгісі  «домалақ» тойлары. Қанаттас қатар қонған колхоздар мен совхоздардың малшылары бірін-бірі тойға, қонаққа шақырысып, танысып-білісіп, кейде құдандалы болып, туыстасу салты рәсімделіп те жатады.  Дүркіреген тойларда Көктеректің жігіттері күрестің, жаяу жарыстың, ат үстіндегі аударыспақтың түрлерінен көрші ауыл жігіттеріне дес бермейтін.  

Тойдың қызған тұсында топ ортасында әйелдер күш сынасатын. Ертеректе Шәймерден атамыздың бәйбішесі Салиха шешеміз шаршы алаң  шеңберінде талайларды кілемге шегелейтін.   Ат үстіндегі аударыспақта Нұрқасым ағаға шендесерлер шақ келмейтін. Жиын-тойдың тамашасы да, қызығы да бір ауылдан жігіт, екінші ауылдан қыз шығатын “қыз қуу” жарысы.

“М.Горький” совхозының қос аққуы Түсіпхан әкеміздің Күләші мен жас та болса, қыз қуудың көркі Жамболат ата қызы Алтын әпкеміз, лып етіп ат жалын тартып, арғымақтарына лезде міне қоятын.  Басқа ауылдың «мен деген» жігіттерін қуып жетіп, қамшы астына алып, астырып-састырып, одан соң, тәубесіне келтіретін де осы қос ару болатын.  Көктерек азаматтарында шашасына шаң жұқпай, жұтынып тұратын  бәйге аттарының қарасы да  бір шоғыр.

Ауыл азаматтары өздерінің аршын төс, қушық бас, жақын қашықтықта жарқырай, ор текедей ойқастай шабатын сәйгүліктерін ауыл намысы үшін әпкелерінен аямайды.   Қайсысына мінсең де, қапы қалмайсың, оны тізгіндеген қыздар  әуселесі әрқашан үстем болып жататын. Бөтен ауыл жігіттеріне тосын ой түйгізбейтін, беттерінен сүйгізбейтін. Қиқулап топты жаратын, қарсыласын қамшы астына алатын. Қайран, Көктеректің  намысын бермеген  арулар-ай…

Жүлдеден құралақан қалған, жайлаудың сары қымызына тойған кей ауылдың жастары шатақ  шығарып, ара-тұра төбелестер де болып жататын, қанша жерден бұзақы болғанымен, әр ауылдың абыз ақсақалдарының айтқанынан шықпайтын ондайлардың мысы тез басылады. 

Жайлау жайлаған ағайын етекке түсер уақыт тақағанда,  бір-бір мал сойып, қонақ шақырысып, келер жылға жайлауда аман-есен бас қосу тілегіне, жанның саулығына, малдың түгелдігіне ықылас білдіретін.

Жайлау салқыны  белгі берісімен, жауын-шашын мен қалың нөсерге  ілінбей, Қарала көпірге жетіп алу жағдайымен үдере көше жөнелетін.    Асудан асып, Бөлекбайға жауын-шашынсыз уақытта түсіп алмаса, жүз метрдей болатын шаншылған тік жол батпаққа, лайсаңға айналып, көшті жүру мүмкіндігінен айыратын. Жалаңашқа түскен соң, ел-жұрт  Көктерекке келгендей көңілі жайланып, ағайын-туыспен  мәре-сәре амандасып, көрісіп жатады. Жол-жөнекей ауылдардағы ағайындарымен қайта жолығысып, жарылардай болып семірген, күйі келіп қоңданған малын алдына салып, көштің бетін елге бұратын.   Міне, негізінен, біздің Көктерек ауылы малшылар қауымының бұрынғы жайлауға шығу мен қайту рәсімі осы іспеттес болушы еді.

 …Бүгінде ел еңсесі тіктеліп, ауыл адамдары мен жеке шаруашылықтардың қорасы малға толған соң, қайтадан Суықты-Сарымсақтыға көш түзеуді жоспарлап, биыл жайлау жаққа «барлауға» барып қайтқан  бауырлар да бар көрінеді.

Ендеше, жылдар бойы жете алмай, жайлаудағы жұртын көруді  армандап жүргендердің, Аллаһ тағала, асыл мұраттарының жүзеге асуына жар болғай, аман болыңдар, ауылдағы аяулы ағайын!

   Жаңабай Әділбайұлы,

    Есенай Іңкәрбаев,

Көктерек ауылы.

Мәліметпен бөлісу: