Сарқан ауданында Наурыз мейрамына орай 200 метрге ақ дастархан жайылды

Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын сарқандықтарда ерекше көңіл-күйде қарсы алды. Мерейлі мерекеге орай Мұхаметжан Тынышбаев атындағы орталық алаңда 200 метрге ақ дастархан жайылып, көздің жауын алатын дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, наурыз көжеден дәм ұсынылды.
Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, өз сөзінде:

  • Көктемнің алғашқы күндері «Алғыс айту» күнімен, әлемге сұлулық пен махаббат сыйлайтын, ең әдемі жандардың мерекесімен, славян халқының масленица мейрамымен бастаған болатынбыз. Бүгін бізге, күн мен түн теңеліп, тіршілікке жаңа өмір беретін Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі де келіп жетті.
    Дастарханға ақ толатын, елге бақ қонатын, арайлы шақты халқымыз – ұлыстың ұлы күні деп атап, ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған.
    Наурыз — түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ елiнiң өткенi мен бүгiнiн, ертеңi мен болашағын жалғастыратын ұлттық мереке. Халқымыз оны қашанда ерекше көңiлмен, биік көзқараспен қарсы алады.


Олай болса, баршаңызды жақсылық пен жаңару мерекесі, Ұлыстың ұлы күні – Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!», – деп ізгі лебізін жеткізді.
Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып есептелетін 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз ежелден жаңару мен барша жақсылықтың бастауы, ырыс-ынтымақ пен береке-бірліктің мейрамы болып есептеледі. Бұл күні адамдар бір-бірімен құшақ жайып, амандасып, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деп құттықтайды.
Бір-біріне қонаққа барып, өкпесі болса кешіреді. Мерекелік дастархан жайылып, ақсақалдар төрге озып, батасын береді.


Ел жанашыры бола білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты арқасында Қазақ елінде барша ұлт өкілдері Наурыз мейрамын да осылайша бірге тойлай бермек. Алаң ортасында құрылған сахнада аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері өз өнерлерін көрсетті. Театрландырылған көріністер қойылып, әдемі ән, мың бұралған би көпшілік назарына ұсынылды.


Қала тұрғындары түрлі спорттық ойындарынада белсенді қатысты. Атап айтқанда қазақша күрес, гір тасын көтеру, қол күрес және қой көтеру секілді ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Жағалай тігілген киіз үйлер де жаңа алаңға ерекше сән берді. Бұл күні сондай-ақ ауданға қарасты барлық ауылдық округтер Наурыз мерекесін кеңінен тойланды.
Айта кету керек, орталық алаңда жайылған 200 метрлік ақ дастарханға 1 тонна наурыз көже және 500 кг бауырсақ аудан халқына және қала қонақтарына ұсынылды.

Мәліметпен бөлісу: