Сарқан ауданының тумасы атақты актер Саят Мерекенов аудан жастарымен жүздесті

Мәдениеттің мәйегі, әдебиеттің әлқиссасына айналған қазақ елінің ақтаңгерлерінің есімін ойға оралту, тарих таңбалаған таланттар мен қасиетті мекендерді ұрпақ санасына сіңірту мақсатында жарияланған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгі таңда өткен тарихымыздың өшпеуіне жол ашып отыр.


Саялы Сарқан өңірі ақын-жыршылар, дүлділ әншілер, небір тума талант иелерін, көш бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерді, ту ұстаған батырларды өмірге әкелген қасиетті мекен. Бүгінде бабалар салған сара жол жалғасын тауып келеді. Бәлкім қанмен берілген қасиет болар Сарқаннан шыққан мәдениет майталмандары қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған жерлестеріміз жетерлік. Сондай азаматтардың бірі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Сарқан ауданының құрметті азаматы, Бақалы ауылының тумасы Саят Мерекенов. 


Саят ағамыз өмірінің тең жартысын қазақ драма театрының өркендеп дамытуына арнаған кемеңгер тұлға. Өнер иесінің өнегелі өмір жолын жастарға таныстыру, шығармашылығын насихаттау, рухани мұрасын ұрпақ санасына сіңірту мақсатында аудандық мәдениет үйінде жастармен жарқын жүздесу өтті. 
Жайдарлы жүздесуде өнер иесі жастарға өзінің өмірі мен өнер жолынан сыр шертумен қатар, өнегелі тәрбие, тағылымды әңгіме өрбітті.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Сарқан ауданының құрметті азаматы, Бақалы ауылының тумасы Саят Мерекенов:
– Болашақ ұрпаққа із қалдырайық. Рухани жаңғыру дегеніміз – міне домбыра, қобыз, нақыл сөздер. Кешегі біздің билер, шешендер бізге сол нақылды аманат қылып тапсырды. Соларды жалғастыру біздің ағалық парызымыз. Өйткені біз қасиетті елдің ұрпағымыз. Сондықтан да, жастарға боямасыз мол тарих, өшпес мұра қалдыратын болсақ, еліміздің болашағы жастарымыз деп мол сеніммен арқа сүйеп бой тіктейміз» –деп, өз сөзін өрнектеді өнер иесі .
Бүгінгі қазақ өнеріне сүбелі еңбек етіп жүрген Саят ағамыздың жастарға берген ақ батасы, өнер жолына қадам басқалы отырған жастарға үлкен сенім бергені хақ. 
Жиналған жастар жиын соңында Саят ағамызбен естелік суретке түсті.

Мәліметпен бөлісу: