Сарқан саңлақ перзентін еске алды

Сарқан ауданының Құрметті азаматы, меценат, өнерді жанына азық етіп,  аудандық шахмат федерациясын басқарған Меліс Разбекұлының  туғанына мамырдың 6-сында 80 жыл толады. Замандастары, достары, туғандары, ізбасарлары үшін бірге жүрген, сапарлас болған сырлас жылдар, сыйлас күндердің көз ұшындағы сағымдай жылыстағанына да 12 жыл өтіпті. Осы бір айтулы датаға орай сәуірдің 27-сінде аудандық Мәдениет үйінде “Ойна, гармонь” атты музыкалық аспапта ойнаушылардың байқауы, шахматтан еске алу турнирі өткізілді.

Еске алу іс-шарасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков кіріспе сөзбен ашып, музыкалық байқауға қатысушылар көрермендерге таныстырылды. Ал турнирге қатысушылар Мәдениет үйінің екінші қабатындағы фойеде орналасқан тақталарда ойлы, шешімтал және шебер ойын көрсетуге ұмтылды.

Өнерге де, спортқа да жанкүйерлер бұл күні аз болмады. Өнер бай-қауының шымылдығын Меліс Разбекұлының не-мерелері Аянат пен Диана ашып, бірі атасының сүйіп орындайтын “Әкеме” әнін әуелете шырқаса, екіншісі пианинода классикалық туынды орындап, ата жолының жалғасын тауып келе жатқандығын айғақтады. Өнерлі өрендеріне жұртшылықтың көз алдында апасы Мәпен Еркебайқызы гүл шоқ-тарын ұсынып, алғысын ақтарды.

Өнер байқауында домбыра, қобыз, баян, гармонь, гитара аспаптарында еркін ойнайтын 16 өнерпаз  бақ сынасып, жеңімпаздар естелік сыйлықпен, қомақты қаржымен марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдеге сырнай тілінің қыр-сырын жетік меңгерген Сарқан қаласынан Руслан Қалиев ие болды. Осы аспапта шеберліктерін сарапқа салғандар арасында І орынды Махмұт Қасымбаев (Қойлық ауылы), ІІ орынды Марат Алтынбеков (Сарқан қаласы), ІІІ орынды Михаил Бутин ( Екіаша ауылы) жеңіп алды. Ұлттық аспаптар номинациясы бойынша Бақалы ауылынан Ержан Нүсіп І орын, Аманбөктер ауылынан Гаухар Нұрахметова ІІ орын, Сержан Оразалин ІІІ орын иегері атанды. Көрермендер көзайымына айналған Сарқан қаласынан Алмагүл Садықова, Амангелді Бимолданов, Назым Мұхамадиева арнайы жүлдемен марапатталды.

Шахматшылар арасындағы бәсеке де өте тартысты өтті. Турнирге 48 адамның қатысқаны, шахматшылардың ең үлкенінің 82 жаста, ең кенжесінің 18 жаста екендігі де жеңістің жеңіл келмегендігін дәлелдейді. Қатысушылар жеребе бойынша қарсыластарын айқындап алған соң, сайыс олимпиада жүйесімен ойнатылды. Турнир қорытындысы бойынша І орынды Сарқаннан Талғат Тойшыманов жеңіп алып, 200 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Осындай жарыстарда шеберлігімен көзге түсіп жүрген Болат Қомашбаев ІІ орыннан көрініп, 150 000 теңгені қанжығасына байласа, ІІІ орын алған Дәуренбек Уановтың еншісіне 100 000 теңгелік жүлде бұйырды. Шахмат турнирінде ұйымдастыру алқасының шешімімен  4 қосымша арнайы сыйақылар тағайындалып, ардагер ұстаз Қапаш Забылханов, қарт шахматшы Сайлау Орынбаев, жас шахматшы Талап Кенжебаев, блиц-шахматшы Изен Қожамғұлов осы арнайы сыйлыққа ие болды.

Өнер байқауы және шахмат турнирі жоғары деңгейде өткізілді. Меліс Разбекұлының ұрпақтары әкесінің ізгі қасиетін жалғастырып, игі шараларға демеушілік көрсетті.

Жомарт Игіман.

Мәліметпен бөлісу: