Сарқаным – жердің төресі

Қара тасқа қашалған қатпар-қатпар тарихы бар қазақ ауылдары қаншама? Түгін тартсаң түбінен көненің көмескіленіп қалған жақұтын көретін, неше ғасыр шаң басып жатса да, өзінің құндылығын жоймайтын қайран қара жер. Тарихтың шаңын бір сүртіп жіберіп, жарқыраған күйінде келер ұрпақтың алдына жайып беру – бүгінгінің парызы. Өткенін біліп, келешегін бағдарлаған жас өреннің, сан ғасырлық тарихтың тереңіне бойлап, туған жерге деген сүйіспеншілігі одан ары арта түсетіні анық. Міне, сондай берекесі мен бірлігі жарасқан, ынтымағы тасып, өрісі өркендеген тарихы бір емес, бірнеше кітапқа жүк болатын Сарқан ауданы тоқсан жасқа келіп отыр.

ЕҢСЕСІ  БИІК ЕКІАША

Сарқан ауданының тоқсан-жылдық мерекесі кең көлемде аталып өтті. Аудан орталығы Сарқан қаласынан бастау алған мерекелік шара түс аумай Екіаша ауылына ауысты. Таң сәрімен ауданға ағылған қонақтардың қарасы көп. Туып-өскен жерінің мерекесіне ортақтасқан азаматтардың дені осы ауданнан еңбек жолын бастап, түрлі лауазымды қызметтерді атқарғандар. Келген қонақтарды аудан әкімдігінің қызметкерлері күтіп алып, үлкен құрмет көрсетті. Келген қонағына жалғыз атын сойып беретін ағайынның ықыласы мен кең пейілін көріп, біздің ұлт болып ұйысуымыздың өзі осы бірлігіміз бен қонақжайлығымыздың арқасы ғой деп іштей ой түйесің. Ақжарқын көңілдерімен шаттыққа бөленген қонақтар тойдың басын өткенге тағзым жасап, құрмет көрсетуден бастады. Аудан активімен бірлескен жұрт ұлы тұлғамыздың бірі, Сарқан ауданының тумасы   М. Тынышпаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ұлы тұлғаға тағзым жасаған қонақтар тау бөктерін жағалап, Екіаша ауылына қарай жол тартты. Жүйткіген көліктер тіз қатар тізіліп, ауылға кіргенде құдды бір көш керуені келгендей ой қалдырды. Мұнда да аңқылдаған ағайын құдасын күткендей қоғадай жапырылып, келген кісілердің алдынан шығып, қошеметпен қарсы алды. Әжелер шашуын шашып, қадірменді ақсақалдарымызға жеті нанын ұсынып, ілтипат білдірді. Ауылдың көркі келген жұрттың мерейін асырды. Тойға сыланған сұлудай бұрынғыдан да құлпырып кеткен. Екіаша ауылының тұрмысы келіскен, әлеуметтік жағынан алға озған ауылдардың бірі екен. Ауылдық Мәдениет үйінің алдына аудандық кітапхананың көрмесі қойылған. Аудандық кітапхана қызметкері Айжан Сәбитова осы өңірден шыққан ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерінің туындылары мен суреттері ілінген көрмені келген қонақтарға таныстырды. Мұнан кейін шара Мәдениет үйінде ғылы-ми-теориялық конференциямен жалғасты.

Конференцияның ауқымы өте кең. Ежелден тарихи құндылықтарға бай Сарқан ауданы жайлы ауыз толтырып айтатын деректер көп болды. Бірінші болып ортаға аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман шығып, баяндама жасады. Тоқсанның сеңгіріне шыққан Сарқан ауданының өткені кеудеңді мақтанышқа бөлесе, бүгінгісі жаныңды жадыратады. Ауданның топырағынан елдің қошеметіне бөленген тұлғалар көп шыққан. Олардың көш басында қазақтың шежіресін тізбектеген   М. Тынышпаев, әлем музыкасына үн қосқан Мұқан Төлебаев пен Еркеғали Рахмадиев, кино өнерінің майталманы Құман Тастанбеков, жауырыны жер иіскемеген Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаевтың өмір жолынан қысқаша деректер келтіріп, бүгінгі ауданның жетістігіне тоқталды.

Бұдан кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары Сайлау Қожағұлов, Қарлығаш Сарыбасова, өлкетанушы Еркін Тоқпанов сөз алып, нақты деректерді келтіре отырып аудан жайлы сөз қозғады. Бірі өлкенің тарихи құндылықтарын тізбектесе, Қарлығаш Сарыбасова тарихи атауларға тоқталды. Ғылыми-теориялық конференцияның баяндамашыларынан кейін ортаға аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков шығып, мерекеге жиылған қонақ-тарды тоқсанжылдық мерекемен құттықтады. Сөз соңында конференцияда тағылымды деректерді келтіріп, ғылыми зерттеу жасаған жоғары оқу орындарының мұғалім-деріне естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, асылдың сынығы, аудан ғана емес, күллі Алаштың мақтанышына айналған М. Тынышпаевтың немересі Елена Тынышпаева, Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша Қарабалина, облыстық ардагерлер кеңесінің тө-рағасы Ермек Келемсейіт, төрағаның орынбасары Райхан Қапышқызының иығына шапан мен камзол жауып, аудан әкімдігінің атынан ыстық ықыласын білдірді. Қошеметке ие болған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жүрекжарды тілегін білдіріп, ауданға естелік ре-тінде қанатты қыранның мүсінін сыйға тартты. Одан кейін Орынша Қарабалина мен Елена Тынышпаева сөз сөйлеп, жерлестерін бүгінгі мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар, өз ұлдарын ұлықтап, асыл тұлғаларын кейінгі жастарға үлгі етіп, үнемі қолдап жүрген Сарқан ауданының басшыларына алғысын білдіріп, тойдың шашуы ретінде ақшалай сыйлық және кітап табыс етті.

Ғылыми-теориялық конференциядан кейін айтысқа кезек берілді. От ауызды, орақ тілді он ақын жыр додасына түсті. Талай додада жүлденің алдын бермей жүрген көксулық Жеңісхан Қазыбек, нарынқолдық Аят Жәнібек, қараталдық Бүркітқазы Әділбек, жамбылдық Айдана Қайсарбекқызы, Жалғас Садыр, ескелділік Зирагүл Нұрданбек, талдықорғандық Жанатбек Айдарәлі, ақсулық Қанат Боқан, сарқандық Исламхан Мұхаметхан, Мирас Құдабай сынды  облыстың он ақыны Екіаша ауылын дүбірге бөледі. Бір-бірін жыр жебесімен нысанаға алып, шынайы әзілдерімен түйреп отырды. Әсіресе, Жамбыл ауданынан келген Айдана мен қараталдық Бүркітқазының нағыз қыз бен жігіттің айтысы болды.

Бүркітқазы Айдананың үстіндегі киімін айтысына арқау қылып еді, Айдана ұтымды жауабымен ел назарын бірден аударды:

Жырласа таусылмайтын дастан едің,

Армандаса алтын бас асқар едің.

Алдыңа ақтарылып келгеннен соң,

Ал шынымды айтайын асқақ елім.

Мен негізі бүркітші қызың едім,

Ізім қалған тау менен таста менің.

Алатау бөктерінде саят құрып,

Бүркіт пенен тазыны қосқан едім.

Ел естімес бір жайды естіп келдім,

Әйтпесе мұнда қадам баспап едім.

Көкпаршылар өзбектен жеңілді деп,

Хабарды естіп-біліп растап едім.

Бір-екеуі Сарқанда жүр деген соң,

Қадамымды осы жаққа тастап едім.

Өзбектен жеңіле ме адам деген

Деп соларды жан-жаққа шашпақ едім.

Сөйтіп жүріп Айт -ағам хабарласты,

Ағам бар ма бұл жерде басқа менің.

Жүлде бермес бүркіт бар деді бізде,

Ағам ғой ақыл айтар досқа керім.

Соғысқа аңсары ауып не болса да,

Келдім, міне, Сарқаным қасқа белім.

Құсбегінің құс десе қай жаны бар,

Оны өзің де білесің дастан елім.

Айтысқа кеп алып кет деді ағам,

Сөйтіп жолды осылай басқан едім.

Сөйтсем  кеп тұр майтүбіт мына біреу,

Құдай-ау бүркіт жоқ қой басқа көрім.

Заты емес, екен ғой аты Бүркіт,

Өлеңімен өретін қостан өрім.

Ағайын мыналарың қандай бүркіт,

Сүйір тұмсығы болмаса,

Бүркітке ұқсамайды басқа жерің.

Құрамды сөз, әдемі әзіл, шымыр ұйқастарымен өрнектеген екі ақын көпшіліктің мерейін асырды. Бірінші айналымда үздік деп танылған төрт ақын екінші айналымға өтті.

Сонымен бас жүлдені сарапқа салған Айдана мен ескелділік Қазыбек Жеңісханның өнері көпке үлгі болардай. Қыз баласы болса да жастайынан ат құлағында ойнап, саятшылық өнерді жанына серік еткен Айдана қыздың әзілдері жиылған жұртты күлкіге қарық қылды. Тіпті, өршіл мінезімен қайраттылық танытып, қарсыласы Қазыбекті отты жырымен түйреп алған кездері де көп. Екеуара әзілді айтыс ұйымдастырған қыз бен жігіт жыр додасының үстінде бір-біріне ғашықтық сезімдерін де білдіріп, соңында Қазыбектей ержүрек жігіт айдай сұлу Айдананы үйіне келін етіп түсіруге уағдаласты.

Айтыста айшықты сөз аз болған жоқ.

-Жоңғар тау аса алмадым асқарыңды,

Құс болып шарламадым аспаныңды.

Туған өлке төсіңнен ұзай қалсам,

Сағыныштан жанарға жас малынды.

Ақиық ақын сенде айыр көмей,

Сарадай әнші туған асқақ үнді.

Есік кеуде, бура сан  балуан сенде,

Той-думан қоса қалсаң бастарыңды,-деген Жанатбек Айдарәлінің ұтымды теңеулері тыңдарманды бей-жай қалдырмағаны анық.

Мұндай кереметті айтыс үстінде алғаш рет көрген халық риясыз қошеметін білдіріп, әжелер жағы сахнаға шашу шашып жіберген жайт та болды. Кім біледі, мүмкін әзіл, мүмкін рас. Әйтеуір ел өнер мен өмір жолында бақтары жансын деген тілек тіледі. Төрт сағатқа созылған жыр додасында бірінші орынды Айдана жеңіп алса, екінші орын ескелділік Қазыбекке бұйырды. Үшінші орынды ақсулық Қанат алды. Айтысқа қатысқан барлық ақынға сый-сияпат табысталды. Жеңімпаздарды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат құттықтап, марапаттады. Осылайша Екіаша ауылындағы ауданның тоқсанжылдық мерекесінің бірінші күні айтыс өнерімен түйінделсе, кешқұрым Аманбөктер ауылында өнер жұлдыздарының ән кешімен жалғасты.

 

МЕРЕЙ  ШАЛҚЫҒАН КҮН

 

Саялы Сарқанның мерейтойы екінші күні Аманбөктер ауылынан басталды. Шараның негізгі бөлігі осы жерде ұйымдастырылды. Екі таудың ортасына орналасқан Аманбөктер ауылы келген қонақтарды шуағын шашқан арайлы күнмен қарсы алды. Бір күн бұрын таудың қатқыл мінезіндей үскірігімен бір тербетіп алса, келесі күні жайдары мінезін жайып салып, көк шалғын жайлаудың үстінде мамыражай күйге бөледі. Таудың етегіне тіз қатар тігілген ақ шаңқан қазақ үйлер адамның жанын серпілтіп, тынысын ашады. Кимешегін киген аналар қазан көтеріп, ақ жаулықты жеңгелер жағы шай құйып мәре-сәре болып жүр. Сұлулығына сымбаты жарасқан арулар жайлау үстін әуезді әнмен бірге билетіп жібергендей күй қалдырады. Рас, қазақтың күмбірлеген күйімен өлең шөбі ырғалып, құдды бір дала билеп тұрғандай әсер қалдырады. Осындай әдемі көріністің шырайын одан ары ашқан салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты. Лаззат Махатұлы салтанатты жиын басталмас бұрын ауданның әлеуметтік-экономикалық өсу деңгейін көрсететін көрмені аралап өтті. Ауданның жетістігі мен даму деңгейі жайлы аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков таныстырып өтті. Онда мал шаруашылығын дамыту жұмыстары бойынша ауданда өсіріп жатқан сүтті, етті бағыттағы асыл тұқымды сиырлар мен қойларды көрді. Одан кейін ауданда қызмет істеген басшылар мен Сарқан ауданынан түлеп ұшқан тұлғалардың өмірі жайлы қойылған көрмені аралады. Сонымен қатар, аудандағы көрікті жерлерді мекен ететін аң-құстар жайлы қойылған көрмені және ауданда өндірілетін өнімдерді де аралап көріп, жақсы баға берді. Осыдан кейін салтанатты жиын басталды.

Бірінші болып ортаға шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз сөйлеп, Жетісуда атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Облыс экономикасының дамуына Сарқан ауданының қосып отырған үлесі көп екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына байланысты ауданда көптеген істің атқарылғанын да айта келе облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. Одан кейін аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков аудан тұрғындарын торқалы 90 жылдығымен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Одан кейін мерекенің шырайын кіргізетін кезең – талай жыл ауданның дамуына қажырлы еңбегімен үлес қосқан елеулі тұлғаларға “Сарқан ауданының Құрметті азаматы” атағы табыс етілді. Марапатқа ие болғандардың арасында жеке кәсіпкер Серікқали Жаманбалин, қаржы саласының ардагері Шалқар Қалиев, ардагер ұстаз Мырзахан Қабасов, өнер қайраткерлері Саят Мерекеұлы, Шакен Жұманова, Гүлжан Қисабекова, ғалым-академиктер Аманкелді Бекбаев, Балтабек Рожаев, ауылшаруашылығының ардагерлері Жангелді Заманбеков, Сейілхан Базарханов, Сейдахан Дакеев, Дәулет Алмағанбетов, генерал Аманкелді Құрманғалиев, ардагер журналист Руфина Ғабайдулина, ұлағатты ұстаз Татьяна Станкеевич, әлеуметтік сала ардагері Оралбек Тертюбаев, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бейсенбай Разбеков,  аудан әкімі аппаратының бас маманы Есболат Бақтыбаев, шаруа қожалығының басшылары Төкен Блискельдинов, Мират Абдрахимов, денсаулық сақтау саласының ардагері Абуғали Байтілеуов  бар. Құрмет пен қошеметке бөленген аудан тұрғындары өздерінің ыстық ықыласын білдіріп, облыс, аудан басшылығына алғысын айтса, жерлестерін мерекелерімен құттықтады.

Шара аудандық Мәдениет үйінің әнші-күйші қызметкерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Өткен тарихымызға шолу жасап, ауданның тумасы – ұлы тұлғаларымыздың өмірінен естелік ретінде ұйымдастырылған арнайы қойылым қойылды. М. Тынышпаевтан бастап, өнер жұлдыздары Құман Тастанбеков, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Сара Тыныштығұлованың жүріп өткен жолдары кеңестік империя жылдарымен қабыстырылып, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің тарихынан сыр шертетін қысқа қойылым жиылған жұртшылықтың жүрегінен орын тапты. Артынша күміс-көмей әнші Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева әннен шашу шашып, Президент оркестрінің әншісі Әміре, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген “Жігіттер” тобы, Серікбол Сайлаубек және басқалар Ұлы Даланы қайта жаңғыртқандай болды. Әсерлі ән кеші Ұлы Даланың ұлттық ойындарымен жалғасын тауып, тойға келген қонақтар мен аудан тұрғындары зор қуанышқа бөленді.

Ұлттық спорт түрлерінен болған сайыс та өз көрермендерін тапты. Теңге ілу жарысына 14 спортшы, аударыспақ жарысына 10 спортшы қатысты. Теңге ілу жарысында 1 орынды  Айдын Рамазан (Кербұлақ ауданы), 2 орынды Айтбеков Алибек  (Ескелді ауданы), 3 орынды Нұрқожа Еркебұлан (Кербұлақ ауданы) иеленді. Аударыспақ жарысында 1 орын Абдрахманов Талғаттың (Кербұлақ ауданы), 2 орын Рахманжиев Олжастың (Кербұлақ ауданы), 3 орын Сабитұлы Бауыржанның (Алакөл ауданы) еншісіне тиді.

Қазақ күресі 3 салмақ дәрежесінде өткізілді.  70 кг салмақта бәсекелескен 12 спортшының арасында  1 орынды Сарқытбаев Ербол (Шатырбай ауылы) жеңіп алды.  2 орынды Алдухан Ербол (Бақалы ауылы), 3 орынды Қуатай Санжар (Кербұлақ ауданы)  иеленді. 90 кг салмақта бәсекелескен 8 спортшының арасынан  1 орын Жуманов Жандостың (Бақалы ауылы) еншісіне бұйырды. 2 орынды Көксу ауданының спортшысы жеңіп алса, 3 орыннан екіашалық Сейтнур Темірлан көрінді. 90 кг астам салмақтағы жарысқа қатысқан  4 спортшының ішінен  1 орын Аманжолұлы Нұрсұлтанға (Бақалы ауылы), 2 орын Қойшыман Мұхитқа (Бақалы ауылы), 3 орын Слямов Дауренге (Шатырбай ауылы) бұйырды.

Гир көтеру жарысында Ақсу ауданының спортшысы Машаев Елубай гір тасын 90 рет көтеріп, жеңіске жетіп, жүлдеге қой алды.

Қой көтеру жарысында шопан ата түлігін 76 рет көтерген Қойшыманов Мұхиттың (Бақалы ауылы) маңдайы жарқын болды.

Көкпар сайысына Кербұлақ, Ескелді, Ақсу аудандарының, Сарқан ауданының Шатырбай, Қарабөгет, Аманбөктер, Пограничник, Қарауылтөбе, Алмалы, Екіаша, Бақалы ауылдарының шабандоздары қатысты. Әр салымға 20-30-40-50 мың теңгеден берілді. Көкпар демеушісі – Абай ауылының тұрғыны Блискельдинов Қанат.

Екі күн бойы тоқсанжылдық мерекесін атап өткен Сарқан ауданының тойы көпке дейін елдің есінен әсерлі де жағымды жаңалығымен кетпейтіні анық. Той тойға ұлассын, сарқандықтар!

 

Мәліметпен бөлісу: