Саялы өңір топырағына соқа түсті

Аграрлы салаға арқа сүйеген ауданымыз үшін көктемгі дала жұмыстарының маңызы айрықша. Қабағын ерте жазған күн сарқандық диқан қауымды жер-ана төскейіне ерте шығарды. Қолайлы ауа-райының әрбір сәтін оңтайлы пайдаланбаққа ниеттегі шаруа таңның атысы күннің батысы егістік басында еңбектенуде.

Айтулы науқанның жай-күйін жақынырақ білмекке апта басында Алмалы ауылдық округіне арнайы ат басын тіредік. Ауыл әкімі Асқар Тұрғамбеков мың рет естігеннен бір рет көрген артық дегенге сайып бізді бірден дала төсін дүбірге толтырып жатқан диқандар қосына бастады. Әрбір ашық күнді қалт жібермеуге тырысқан шаруаның егістік техникалары соңдарынан шаң шұбата көз алдымызда ұзап барады.

– Ылғалды ұтымды пайдаланып 15 га жерге арпа сіңіріп жатқан жайымыз бар, – дейді «Қалдыбаев» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Қалдыбаев бізді өз еңбегімен етене таныстырып. – иелігімдегі тағы 15 гектарға соя, жоңышқа себуді жоспарлап отырмын. Биылғы күн райы да жер емген жандарға қарайласып тұрғандай. Ырыздығын қара жерге төккен маңдай терден іздеп, ертеңгі күнге үлкен үміт артып отырған диқан жұмысына сәттілік тілестік.

-Жалпы, ауылдық округ бойынша биылғы ауыл шаруашылық дақылдарының алқабы 9646 гектарды құрап отыр, – дейді бізге бағыт нұсқап жүрген ауылдық округ әкімі Асқар Жүнісұлы. Егістерді әртараптандыруға сәйкес майлы дақылдар 5655, астық өнімдері 2295, көпжылдық шөп 770, бақша 18, картоп 66, көкөніс 90 гектарға егіледі. Округ бойынша есепте бар 776 трактор, 100 соқа, 52 тұқым сепкіш, 32 культиватор, 18 тырма, 14 дәрі бүріккіш қыс-көктемгі мезгілде жөндеу жұмыстарынан өтіп аталмыш науқанға дайындалды. Өзімізге қажетті 270 тонна жанар-жағармай қамдалды. Түрлі дақылдар бойынша тұқым құю жоспары 100 пайызға орындалды. Ал айрықша маңызға ие қант қызылшасының алқабы округ бойынша биыл 540 гектарды құрап отыр. Бүгінгі күнге оның 345 гектарына шетелдік, ал «Қамқорлық» тұқым шаруашылығына 85 га-ға жететін 255 кг қант қызылшасының тұқымына тапсырыс берілді. Қалған 110 гектарға жететін шетелдік тұқым қожалықтардың қолдарында бар. Қазіргі таңда өңірдегі ауыл шаруашылық жұмыстарының өнімділігін еселеу және қарқынын арттыру үшін 2 сервистік-дайындау орталықтары қызмет етсе бұған жақында «Мұхамади» шаруа қожалығының қабырғасында ашылатын тағы бір осы тақылеттес орталық қосылатын болады.

Күннің қолайлы қабағы еңбек майданын барынша қыздырып жатыр. Егістік науқаны өз қарқынын бұдан әрі арттыра беретін болады.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: