Сен құрметте оны…

Баяғыда біз оқыған «Ана тілі» оқулығында  ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны, түсіндің бе, қарағым» ,-деп басталатын өлеңі бар болатын. Біздің бүгінгі жазбамыздың кейіпкері де құрметтелуге, ескерілуге, еленуге тиісті Желтоқсаншылардың бірі.

1991 жылы желтоқсанның 16-сында сағат 18.14-те Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары «Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігі туралы»  заң қабылдады. Сөйтіп, қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы – Тәуелсіздік жарияланды. Дүниеге жаңа мемлекет – тәуелсіз де азат Қазақстан Республикасы келді.

Тәуелсіздік деген қарапайым да құдіретті жалғыз ауыз сөздің аясы кең. «Тәуелсіздікке жету үшін тіптен ұзақ әрі күрделі күрес керек екен. Ал, соншалықты қиындықпен келетін тәуелсіздікті сақтап қалу үшін мәңгі-бақи күресіп өтуге тура келеді екен»,-дейді қайраткер жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы.

Тәуелсіздік туралы толғанғанда 1986 жылғы 16 -18 желтоқсан аралығында Алматының сол кездегі Брежнев атындағы алаңға еліміздің нұрлы болашағы үшін жиналған қыздар мен жігіттер – тәуелсіздік қарлығаштары ойыма оралады. 16 желтоқсанда небәрі 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  пленумында республикамызды ұзақ жылдар басқарған әйгілі тұлға Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың орнына Геннадий Васильевич Колбин тағайындалған. Елімізге белгісіз біреуді  басшы қылған Орталық Комитеттің өктемдігіне қарсы көтерілгендер сапында студенттер, жұмысшылар болғаны анық. Пленум шешімінің дұрыс – бұрыстығын білгісі келген жастар Мәскеулік биліктің қатыгездігін көрді. Айтқанға көніп, айдауға жүргісі келмеген “бүлікшілерді”  бас – көзге қарамай соғып, жалаңаш –жалпы мұзға отырғызып, сызды камераларға қамағанымен қоймай оқудан, жұмыстан шығарып, ұйымдастырушылары деп тапқан жігерлі жастардың алдын атуға, соңын ұзақ жылға абақтыға қамауға байлам жасалды. Алғашқы жазаға іліккен бес жігіттің екеуі бүгінде арамызда жоқ. Біріншісі – «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар; Қасқалдақтай қаным бар, бозторғайдай жаным бар»,-деген Желтоқсанның бүкіл құпиясы мен ауыртпалығын арқалап кеткен Қайрат Рысқұлбеков болса, екіншісі – кеудесі өкініш пен өксікке толып өмірден өткен Ертай Көпесбаев. Ал, Қайыргелді Күзембаев, Төреғали Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев ел ертеңі, ұлт болашағы үшін шама-шарқынша еңбек етіп, ұрпақ қызығына бөленуде.

Сол желтоқсан дүрбелеңінде қазақ елінің азаттығы мен бостандығы үшін бастарын бәйгеге тіккендердің арасында біздің жерлесіміз Құралай Бекмұхамбетова да болған екен. Бірақ мен желтоқсаншымын деп кеуде қағып көрмепті, туған жері Қарабөгетте елеусіз ғана қарапайым тұрмыс кешіпті. Қолында бар болғаны «Алатау» газетінің  2008 жылғы мерекелік нөмірі. Сол газетте Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың тізімінде Құралай Бекмұхамбетованың аты – жөні жүр екен. 

-Әкем Төлеу совхоздың маңдайалды шопаны болатын. «Қызы желтоқсан көтерілісіне қатысыпты» деген жаманаттан ол кісі жасып қалған көрінеді. Әкемді ауылдағы, аудандағы жиындарда біраз әурелеп, баласына дұрыс тәрбие бере алмаған адам ретінде қаралағаны анық. Мен өзім көпке дейін әкемнің бетіне қарай алмай жүрдім,-деп еске алады Құралай сол бір сүреңсіз жылдарды.

Мектептен соң Балқаш қаласындағы байланыс училищесін бітірген Құралай еңбек жолын Алматы пошта байланыс торабында телеграфист болып бастайды. Байланысшылардың жатақханасы «Алатау» қонақүйінің жанында орталықта болатын. Жастардың шеруін олар көзбен көрді. Шерушілердің ұлт саясатының өрескел бұрмаланғандығы туралы ұрандарына елікпей тұра алмады. Асығыс жиналған қыздар аяз құрсанған алаңға шыққан күні кешқұрым өрт сөндіргіш машинадан ағытылған суық суға малшынды. Арқаларына темір күрек, сойыл тисе де ауыртпалықты алаңдағылармен бірге бөлісті. Ел қорғайды дейтін кеңес әскерінің сол елдің он екіде бір гүлі ашылмаған жастарын ежелгі дұшпандарындай қуып жүріп сабағанына ызасы келді. Талай жастың ғұмыры әпербақан солдаттардың  табаны астында аяусыз тапталды.

Ертеңінде жұмысқа шыққанымен де қазақ қыздарының қан-сөлсіз реңдері орыс басшыларының қырағы назарынан тыс қалмады. Жиналысқа түсті. Психологиялық қысым көрді. Сағы сынды. Рухы жаншылды. Моральдық ауыр соққыға ұшырады. Пошта басшылығы ауылға хат жіберіпті. Енді елге қарайтын да бет жоқ. Жұмыстағы психологиялық ахуал, ауылдағы таныс-туыстың теріс көзқарасы жүйкесін жүндей түтіп жүргенде отбасын құруға ниет білдірген Байболат деген жігіттің етегінен ұстады. 1988 жылы екеуі қосылып, Қарабөгетте жас отбасылар сапында еңбекке араласты. Байболат шаруашылықта шофер болды. Өзі болса жүктеген жұмысты адал атқарды. Дүниеге бес бала әкелді.

-Ерім осыдан  6 жыл бұрын қайтыс болды. Бес баланың алдыңғы екеуі ұзатылды. Екі қызым студент. Кенжеміз Жанболат 5-сыныпта оқиды. Өзім ауылдағы бала бақшада бала күтуші болып еңбек етіп келемін,-дейді Құралай.

Желтоқсан көтерілісі – жылдар бойы жинақталған ашу-ызаның көрініс табуы, шын мәнінде қазақтың ұлттық санасының оянуы. Сол көтеріліс туралы бүгінге дейін қаншама тың деректер жария болды. Дегенмен кезінде қоғамдағы теріс көзқарас салдарынан шеруге қатысқандығын бүркемелеп, кейіннен немқұрайлылыққа салынған Құралай Бекмұхамбетова сынды қаншама адам елеусіз қалды десеңізші. Демек, ұлт болашағы, мемлекет тәуелсіздігі үшін кеңестік биліктің өктемдігіне қасқайып қарсы тұрғандарды құрметтеу жастардың патриоттық тәрбиесіне оң ықпалын тигізері анық.

Ж.Мақатұлы.

Мәліметпен бөлісу: