Шуақты көктем шырайы

– 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінің өзіндік мәні мен маңызы  айрықша. Көктемнің шуағындай, мейірімнің бұлағындай болған бұл күні аналарға деген ақ тілектер ақтарылып, құрмет тасқындайды.

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде мереке құрметіне орай «Әйел ару-әйел жар, әйел ана-әлемге» атауымен салтанатты жиын өтті. Жиынды аудан әкімі Марат Разбеков құттықтау сөзбен ашты. – «Аяулы аналар, арулар! Тіршіліктің тірегі қашанда әйел-ана болған. Ақылына көркі сай келіп, батырлығымен, ізгі бейнесімен кейінгі ұрпаққа үлгі болған, тарихта із қалдырған қазақ қыздары көп. Солардың жолын сіздер лайықты жалғап келесіздер. Мейірімділік, адамгершілік, бауырмалдық қасиеттер адам бойына ана сүті арқылы дариды, – деген өңір басшысы жылы лебізін – Ардақты аналар мен аяулы жандар!

Халқымызда «Барлық жақсылық күннің нұрынан, жылулық аналардың алақанынан тараған» деген асыл сөз бар. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, ана қуанышы – әр үйдің бақыты! Сіздерге көктемнің гүліндей әсемдік, бақытты да баянды өмір, істеріңізге табыс пен сәттілік тілеймін! – деп түйіндеді.

Жиын барысында бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасын, «Білім саласының үздігі» медалін аудан басшысының қолынан алып мерейлері тасыды. Салалық байқау жеңімпаздарының да аттары асқақтап көпшілік алдында жүздері жарқын болды. Сондай-ақ өз қызметтік міндеттерін адалдықпен атқарып жүрген бірқатар мекеме – ұжым қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен,  Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ әйелдер қауымын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман, Сарқан ауданының Құрметті азаматтары Садуақас Садықов пен Жәлел Сасанбаев құттықтап, жырдан, әннен шашу шашты. Нәзікжандылар деп әспеттелгенмен рухы мықты ақ жаулықты аналардың, асыл әпкелер мен қаракөз қарындастардың құрметіне аудандық мәдениет үйі арнайы дайындаған мерекелік концерт шара шырайын одан әрі аша түсті. Отандық кино туындыларымыздың алтын қорынан орын алған сүйікті «Тақиялы періште» фильмі негізінде сахналанған шағын көрініс өңірімізде талай таланттының томағасы сыпырылмағандығын көрсет-кендей. Отбасының ұйытқысы, берекенің бастауы, сұлулықтың символы іспеттес нәзікжандылар қауымы айтулы күн құрметіне шырқалған әндерге құлақ құрыштарын қандырып, жақсы тілектермен жан семіртіп, көңілдерін қуанышпен тоғайтып қайтты.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: