Сиверс алмасының гүлденуі

Жуырда Сарқан ауданының Тополевка ауылында тақырыбы да, мағынасы да бұл өңір үшін тың фестиваль өтті. Алдын ала әлеуметтік желілерде жарияланған жарнамаға орай жан-жақтан ағылған туристер  тұмса табиғат қойнауында, Жоңғар Алатауының етегіндегі еркелеп ағатын Теректі өзенінің жағалауында романтикалық сәттерді бастан өткерді.  

Қазақстанда туризм сал асын дамытуға мүмкіндіктер мол. Біздің жас мемлекетіміз отандық туризмнің жүгін арқалап, тәуелсіздіктің жиырма жеті жылы ішінде бұл салада нәтижелі жетістіктерге жетуде.  Көптеген демалыс орындары мен туристік кешендердің күн санап  бой көтеріп келе жатқаны баршаға мәлім.  Кең байтақ қазақ жерінің тамылжыған табиғатының бағына біткен  байлығы барда туризм саласы кенже қалмақ емес. Кіріспе сөзін осындай көтеріңкі көңіл-күймен бастаған Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков туристерді, айшықты сәтті тамашалауға келген аудан жұртшылығы мен меймандарын  осы өңірдің табиғи мақтаныштарының бірі –  Сиверс алмасының гүлденуін, және сұлу табиғатын тамашалауға шақырды.

Келесі  құттықтау сөз кезегін алған Алматы облысы  туризм басқармасы  басшысының орынбасары  Арқау Шантаев, сиверс алмасын сақтау жөніндегі халықаралық қорының директоры, профессор, академик Азат Қуатбаев, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Есалы Барлықбаев, аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев фестивальдің мақсат-мұратымен жиналғандарды таныстырды. Сонымен қатар «Жоңғар Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бір топ қызметкерлері табиғат байлығын сақтап-қорғаудағы ерекше үлесі үшін дипломдармен марапатталды. Туризм сарапшысы, ЮНЕСКО сарапшысы Бақыт Оразымбетова фестивальге арнайы келген туристік фирмалар мен халықаралық экскурсия жүргізушілерімен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен таныстырды.

Фестивальге  келген  меймандар   арнайы қойылған көрмелерді аралап, одан кейін тұмса табиғатымыздың көрікті де көркем жерлерімен танысты.  Тау қойнауындағы ерекше бітімді басқосуға жиналғандар қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық ат спорты  ойындарын тамашалады. Әсіресе, аударыспақ пен теңге алу ойындарының көрермендері спорттың ата-бабамыздан бергі ұмытылмай келе жатқан осы түріне бейім жүректерінің түгі, білектерінің күші бар,  шымыр да батыл жігіттердің өнерлеріне қызыға назар аударды.

Фестиваль  мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тауып,  жас эстрада жұлдызы  Дәурен Қыдыровтың репертуарындағы ән-дер, Сарқан гуманитарлық коллед-жінің концерті  көпшіліктің көңілінен шықты.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: