Спорт ардагерін еске алды

Өткен аптада аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Қожасбай Садуақас Нұрсейітұлын еске алуға арналған ашық аудандық турнир өтті. Спорттық шараны аудан әкімі Талғат Қайнарбеков құттықтау сөзімен ашып, өңірімізде салауатты өмір салтын ұстануға көптеген жағдайлар жасалғандығын тілге тиек етті. Жыл сайын спорт саласын одан әрі дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігін жеткізген аудан әкімі барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ салтанатқа Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті Ерлан Қожасбай, Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Сонымен спорттың 4 түрінен өтіп, Талдықорған, Қапшағай қалаларынан және Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарынан командалар қатысқан жарыс нәтижесі кіл мықтылардың ішінде кім мықты екендігін сарапқа салды. Шағын футболдан  ардагерлер арасында “Сарқан-достар” командасы қарсылас шақ келтірмей І орынды және 200 мың теңгені иеленсе, жастар арасында “Сарқан” командасы үздік деп танылды. 15 шақырым қашықтыққа жүгіруден Баймұрат Тимурдың (Сарқан ауданы, Бірлік ауылы) алдына түскен жан болмады. Желаяқ осылайша тұғыр биігінен көрініп, 50 мың теңгеге қол жеткізді. Ал қол күрестен өзіміздің Абай ауылының сом білекті азаматымыз Хаметсапа Құрметжанның бағы басым түсіп, 50 мың теңге жеңіп алды. Волейбол бәсекесінде “Достар”  командасы І орынды әрі 200 мың теңге көлеміндегі қаржыны ұтып алды. Барлық жеңімпаздар кубокпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: