Ұстаздар қауымы қолдайды

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын біз, №1 мектеп-гимназия ұстаздары ұжым болып оқып, таныстық. Жолдау – отандастарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыруға және ел экономикасын дамытуға септеседі. Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауынан еліміздің өсуінің белгілі бір кезеңін байқаймыз.

Бұл жолғы Жолдау осыған дейінгі маңызды құжаттардың тұжырымы болып табылады. Біздің ойымызша, адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Қоғамның зияткерлік әлеуетін дамытуды жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда Жолдаудың жетінші негізгі міндетінде, білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру қажеттігі көрсетілген. Расында да, мектептерімізде ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды азамат пен азаматшаларды дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтеру қажет деген Елбасының сөзін ұстаздар қауымы бірауыздан мақұлдады. Өйткені жаңа мыңжылдықта өз кәсібінің қыр-сырын жете меңгерген мамандардың бәсі басым болмақ. Жолдауды барша отандастарымызбен бірге №1 мектеп-гимназиясының ұжымы да қолдайды және құжатта көрсетілген өз саламызға қатысты міндетті алда іске асыруға өз үлесімізді қосамыз. Елбасы барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет екенін айтты. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы – өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту екенін анықтап тұрып айтып берді. Сонымен, білім беру саласында қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар күтіп тұр? – Оқушыларға берілетін тапсырма азаяды. Елбасы оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары, ЭЫДҰ елдеріне қарағанда орта есеппен 1/3 еседен көп екенін айтып, оны төмендетуді тапсырды. – Өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлер, лабораториялар және 3D-принтерлер секілді барлық қажетті инфрақұрылымы бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісі құрылады. -2018 жылдың 1 қаңтарынан мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет дейді. – 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізіледі. – 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізіледі.- 2019 жылдан 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндері ағылшын тілінде оқытылады.- 2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға (мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар) көшу аяқталады.- 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі әзірленеді.- Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізіледі.- Білім беру мекемелері арасындағы бәсекелестік артып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізіледі.- Орта мектеп пен колледждер және ЖОО үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекциялары Интернетте жарияланады. Елбасы бұл барлық қазақстандыққа, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады деп отыр.

Т.ЖУМАГЕЛЬДИНОВ, Е.ДУБЭЭН,
№1 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі-жөніндегі орынбасарлары.

Мәліметпен бөлісу: