Тұлғалар туған жерге ат басын бұрды

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру аясында өткен жұмада ауданымызда «Жерлестер» форумы өтті. Форумның мақсаты саялы өңірімізден нәр алған белгілі азаматтардың басын қосып, алтын бесік-ауылдың ажарлануына, дамуына атсалысуға жерлестерді шақыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті, туған елге – мемлекетімізге деген патриотизммен ұштастыру.

 

Күрделі жөндеу көріп жаңарып, жасарған аудандық мәдениет үйінде жиын бастауында меймандар назарына көрме ұсынылды. Сахна шымылдығын ашқан Сарқан гуманитарлық колледжінің ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің күйі «Көңілашар» өз көрермендерінің қанын ойнатып ұлттық рухты асқақтатқандығы анық. Жөн-жосығы бөлек, сипаты айрықша шарада алғашқы сөз тізгінін алған аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков жиынның маңызына тоқталып құттықтау лебізін ақтарды: – «Ардақты әлеумет! Құрметті жерлестер форумына қатысушылар! Туған жердің қалаулы перзенттері! Мынау сенің ауылың, Есіңде болсын, бауырым! – деп ақындарымыздың жыр шумағында айтылғандай отансүйгіштік сезім кіндік қаның тамған жеріңе, өскен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әркімнің «Туған жері – Мысыр шаһары», кез-келген адамның туған жері – оның кіші Отаны деп бекерге айтпаса керек. Сондықтан, әркімнің туған жері адам өмірінде киелі орын алатыны сөзсіз. Тағылымды туған жерге тағзым етіп түлету, Мәңгілік Қазақ елінің рухани тұғырын нығайту – әр перзенттің парызы мен міндеті деп білеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран, мемлекеттік идеология өзегі ретінде аса құнды үндеу болды. Қоғамдық санаға рухани сілкініс беріп, ұлы мұрат-мақсаттардың түйін – тұжырымын мақсатты ой-толғаумен саралаған жоспарлы жобаны халық жылы қабылдап, елге мұра, ұрпаққа үлгі болатын, ұлттық сананың кемелденуін көздеген, табысқа жету тетіктері тізбектелген бұл толғауды елім деген барша азамат қолдап, қуаттауда. Мұндағы терең ой қозғаған нақты әлеуметтік жобалар ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтініне сеніміміз мол».
Осылай деген Ерғазы Қошанбекұлы мәйекті мақаладағы өзекті мәселелерді арқалап тұрған «Туған жер» жобасының өңіріміздегі іске асуынан нақты мысалдар келтірді. Туған жерін түлетуге ынталы азаматтардың көптігі қашанда көңіл қуантады. Жақсы істерімен жүздері жарқын осынау азаматтардың есімдері аудан басшысының жылы лебізіне арқау болған сәтте мәдениет үйіндегі жиылған жұртшылықтың іштей «бәрекелді» дескені анық. Сондай-ақ жерлестерге қарата сөз сөйлеген Ерғазы Қошанбекұлы туған жерді түлетсем дейтін жандардың әлі де шапағатты істерден шет қалмайтындығына сенім білдіре келе таяу уақытта жоспарланған жұмыстарды жиналғандар назарына ұсынды. Олар: ауданнан шыққан ұлы тұлғаларымыз, еліміздің мақтаныштары, өмірден озса да артында өшпестей із қалдырған педагог-ғалым, осы өңірдің үлкен-кішісіне зерделі ой құйып кеткен Мұхтар Ғалиұлы Арынға, қазақ музыкасының ұлттық ерекшелігі болып табылатын симфониялық күй жанрына негіз салушылардың бірі – Еркеғали Рахмадиұлы Рахмадиевке, Ұлы Отан соғысына және Жапониямен жауынгерлік қақтығысқа қатысқан қазақтан шыққан тұңғыш генералдардың бірі, генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбековке ескерткіш қою, жастарға арналған заманауи спорттық алаңдарды салу, салынып жатқан ардагерлер үйін жиһаздармен жабдықтау. Осындай игі істерді жерлестер назарына ұсынған аудан басшысы сарқандықтар мақтанатын, марқаятын айтулы азаматтардың аталмыш шараларға өз үлестерін қосуға шақырып сөзін түйіндеді.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Аудан әкімінің бастамасымен сан алуан салада жемісті қызмет атқарып, сонысымен туған елі мен жерінің өркендеуіне айрықша перзенттік үлес қосқан саңлақтарды саралаған «100 жаңа есім» кітабы жарық көрген болатын. Форум барысында аталмыш кітаптың тұсауы кесіліп жұртшылық назарына ұсынылды. Ендігі жерде «Туған жерім» деген тұлғалар есімімен оқырмандар аудандық кітапхана арқылы қауыша алады. «Сарқаным, менің, Сарқаным» деген іңкәр сезіммен басталатын бейнебаян еліміздің әр қиырынан келген меймандарға ауданның қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінен, болашақтағы жоспарларынан мол мағлұмат беруімен қатар әрі жерлес атауымен біріккен жандарды туған жерді түлетуге шақыруымен құнды болды. «Менің сіздерге деген ықылас-пейілім ерекше. Бұл менің шынайы сөзім». Белгілі өнер қайраткері, жерлесіміз Саят Мерекеновтың осынау жүрекжарды лебізін саялы өңірде дүние есігін ашып ел әлеуетін түрлі салада еселеп жүрген өз ісінің майталмандары Аида Қауменова, Балтабек Рожаев, Алтай Нұрханов, Назгүл Сарыбаева сынды жандар жалғады. Отан, туған жер жайлы асқақ рухты, жүрекке жылы әуендер шараға жиналған жерлестер көңілін кемеріне келтіріп толқытқаны айдан анық. Соңында меймандар құрметіне мерекелік дастархан жайылды.

P.S.: Бұл басқосудың кезекті «ас ішіп, аяқ босату» жиыны емес екендігін өңір басшысы Ерғазы Қошанбеков салтанатта сөйлеген сөзінде ерекше екпінмен атап өтті. Туған жерге табан тіреп, туған елге арқа сүйейтін азаматтардың алдында заманға сай жаңғыру міндеті тұрғандығын санасына жеткізе айтты. «Мемлекет маған не береді емес, мен еліме не берем?!» дейтін тағылымның көп айтылып сынға түсер сәті бұл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының өзі тұтастай осыны тағылымдап тұрған жоқ па?! Ендігі жүріс шынайы «елім, жерім» дейтін жерлестер еншісінде.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: