Төл теңгенің шыққанына – 25 жыл

1993 жылы қарашаның 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді. Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша Ұлттық төл валютамыздың туған күні әрі еліміздегі қаржыгерлер қауымының кәсіби мерекесі болып белгіленді.

Мемлекеттік туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – Мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы – теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Төл теңгеміздің айналымға енгізілуі біздің жас, тәуелсіз еліміздің тарихи жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Ұлттық банк тұсауын кескен сувенирлік банкнот – бұл дәуірлік оқиға. Ол біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының егемен республикамыздың дамуына қосқан орасан зор үлесінің символдық көрінісі. Ал төл теңгеміз Тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық экономиканың құрылымдарын қалыптастыруды қамтамасыз ете алды. Тәуелсіз экономикалық және қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыруымызға, нақты экономикалық егемендікке қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызды. Бүгін біз жұрттың бәрімен достық қарым-қатынас орнаттық, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өзара келісімде өмір сүріп жатыр,  экономикалық жетістіктер ешқандай талас тудырмайды, инновациялық революция жүріп жатыр. Мемлекет қарышты қадаммен алға басуда. Міне, осының бәрінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған қызметі орасан зор. Сонымен бірге бүкіл болашақ қазақстандықтар үшін де баға жетпес үлес.

 

Нағима Бокушбаева,

«Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ Сарқан филиалының архивисі.

 

Мәліметпен бөлісу: