Төтенше жағдайға – қапысыз дайындық

Жуырда аудандық әкімдікте аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Аудан әкімі Е.Қошанбековтың төрағалығымен өткен жиында жалпы ел аумағында ауа-райына байланысты қалыптасып отырған жағдайға орай өңірімізде аталмыш ахуалға дайындық барысы пысықталды. Алғашқы баяндаманы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры А.Тиынов жасап, қар көшкіні, су мен сел тасқындарына әзірлік жұмыстарын айтып өтті.

 

Нақты айтқанда баяндамаға аудан аумағымен ағып өтетін өзендердің қазіргі таңдағы жай-күйі, автокөлік жолдарын қыс мезгілінде тазалау, қажетті техника мен құрал-жабдықтармен қамтылу және жауапты мекемелердің айтып келмейтін апатқа әзірлігі арқау болды. Жиында сондай-ақ «Қазселденқорғау» өндірістік пайдалану бөлімінің басшысы Х.Михалев, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Қауменов, Сарқан қалалық округінің әкімі А.Орынбеков өздері тарапынан күн тәртібіндегі мәселеге орай атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Жиынды қорытқан аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы өзен-көлдерден нәпақасын айырып отырған тұрғындардың қауіпсіздігіне айрықша назар аударуды қатаң ескерте келе жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: